«Астана Опера» балет труппасы Ресейде өнер көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана Опера» балет труппасы Ресейде өнер көрсетті

31.10.2022

«Астана Опера» балет труппасы Ресейде өнер көрсетті. Кремль сарайының сахнасында «Бақшасарай бұрқағы» балеті қойылды. Әдеби негізі Александр Пушкиннің аттас поэмасынан алынған. Талғампаз көрермен әртістердің орындау шеберлігіне тәнті болды.

«Бақшасарай бұрқағы» - хореографияның аса көрнекті жауһары. Басты кейіпкерлер - қызғаншақ Зарема, сезімтал Мария және Герей хан арасында лаулаған махаббат хикаясы баяндалады. Тұрлыхан Тойған Герей ханның рөлін сомдады. «Драмалық балет өнерінің үздік үлгілерінің бірін осындай үлкен сахнада қою оңайға соқпады»,- дейді ол.

Тұрлыхан Тойған, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының әртісі:

Бақшасарай бұрқағы актерлік шеберліктерімізді шыңдауға мүмкіндік берді. Бірде қатал боласың, бірде әлсіз екеніңді көрсетесің. Мен үшін ерекше спектакль болды. Бір жылдай дайындалдым.

Спектакль нәзік, тамсандырмай қоймайтын әдемі пластикалық иірімдерден құралған. Талғампаз көрерменге жұмсақ декорация емес, ойып жасалған, тақтаймен әсемделген бағаналар мен күмбездер ұсынылды. Театр сыншылары да бекзада өнерді өз биігінде көрсете алған хас таланттарға жоғары бағасын берді.

Мария Долганова, театр сыншысы:

Бірінші рет сахнада көріп тұрмын, бірақ бұл - әлемдік деңгейдегі солистер деп айта аламын. Орындау шеберлігі, техника, музыкалық сүйемелдеу жағында мін жоқ. Жалпы труппаның жұмысына жоғары баға беремін. Енді оларды өзге де спектакльдерде көреміз бе деп үміттенемін.

Қазақстандық хореографтар түпнұсқадан алшақ кетпеуге, балеттің темірқазығын жоғалтпауға тырысқан. Осылайша 88 жыл бұрын тұсауы кесілген «Бақшасарай бұрқағы» Кремль сахнасында қойылып, көптің көңілінен шықты.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу