Қазақстандағы жылу электр орталықтары құрал-жабдықтарының 70%-ға жуығы тозған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы жылу электр орталықтары құрал-жабдықтарының 70%-ға жуығы тозған

30.10.2022

Қыс таяп қалды. Ал Қазақстанда жылуы аз, не мүлдем жоқ үйлер де бар. Бұл проблемаға биыл ғана тап болып отырған жоқпыз. Жылда жылыту маусымында қайталанатын жағдай.

Осы мәселе бойынша материалды әзірлеп жатқанда Теміртауда жаңа жылу магистралінде апат болып, ондаған көпқабатты үй жылусыз қалды. Алдымен қазанның 28-і күні Мир және Металлургтер даңғылдарының қиылысындағы ескі жылу жүйесінде құбыр жарылған. Зақым болған 4 метрлік құбыр ауыстырылған. Бірақ келесі күні жаңа жылу магистралінде апат тіркелген. Компенсатор істен шығыпты. Салдарынан ондаған көпқабатты үй жылусыз, ыстық сусыз қалды.

Сондай-ақ осы апта Риддер тұрғындары күздің қара суығында тоңып қалды. Ал былтыр Петропавлдың Жылу электр орталығында үлкен апат болғаны әлі есімізде. Бұл апаттар жылыту жүйесіндегі проблемаларды зерттеуге түрткі болды.

Сөйтсек, Қазақстандағы жылу электр орталықтары құрал-жабдықтарының 70 пайызға жуығы тозған екен. Ал, жылу желілерінің жартысынан астамын жаңарту керек. Жалпы, қазір облыс орталықтарында, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда 37 жылу электр орталығы бар. Барлығы өткен ғасырда пайдалануға берілген.

Ең ескісі - Семей қаласында. 1934 жылы салынған. Ең жаңасы 1981 жылы Шымкентте салынған. Ал Орал, Тараз, Кентау, Қызылорда және Степногор қалаларында жылу жабдықтарының 80 пайыздан астамы азып-тозған. Амангелді Сейтханның материалы.

Ринат Қыдырбеков, Теміртау қалалық түкш бөлімінің басшысы:

Жылу магистральдары жазда жұмыс істемегендіктен онда су болған жоқ. Сондықтан біз қайда проблема бар екенін білген жоқпыз. Енді біз суды жібергеннен кейін соның бәрі шығып жатыр.

Жылу беру маусымы басталмай жатып-ақ, жылу құбырлары сыр беріп жатыр. Мәселен, 22 қазанда Теміртауда көшеде құбыр жарылды. Себебі, уақыты өткен темірлер шіри бастаған.

Ринат Қыдырбеков, Теміртау қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Құбырлар өте тозған. 80 пайызға дейін жетеді. Сондықтан бүгінгі күнде қаланың әрбір жерінен апаттық жағдайлар бар. 10-15 үйге дейін күнделікті өшірулер байқалуда.

Теміртаулықтар биыл да қыстан жаурап шығатындай. Өйткені, шаһардағы жылу құбырларының жалпы ұзындығы 417 шақырым болса, биыл соның 6 шақырымы ғана жөнделіпті. Қалған 410 шақырым тағы қанша әуреге салатыны белгісіз. Ал, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше бұл тек Теміртаудың түйткілі емес. Жалпы, ел бойынша жылу желілерінің 57 пайызы тозған.

Әзімбек Нәлібаев, ҚР ИИДМ Құрылыс және ТҮКШ істері комитеті төрағасының орынбасары:

Республика бойынша жылу желілерінің ұзындығы 12,7 шақырымды құрайды. 7,2 мың шақырым ол ауыстыруды талап етеді.

Әсіресе, Павлодар облысында жағдай қиын. Мұнда жылу желілерінің 81 пайызы, ал, Абай облысында - 65, Алматы қаласында – 64, Қарағанды облысында – 62 пайызы кез келген уақытта сыр беруі мүмкін.

Әзімбек Нәлібаев, ҚР ИИДМ құрылыс және ТҮКШ істері комитеті төрағасының орынбасары:

2015 жылдан 2022 жылдар аралығында жалпы 480 шақырым жылу желілерін ауыстыруға республикалық бюджеттен 183 млрд қаражат қаралды. Осы қаражат көздері арқасында 65 пайыздан 2015 жылғы 2022 жылы 57 пайызға жылу желілерінің тозу деңгейі құрап отыр.

Яғни, 7 жылда құбырлардың 8 пайызы ғана жаңартылған. 2025 жылға дейін тағы 5 пайызын ауыстыру жоспарланып отыр. Демек, апаттар да жақын арада азаймайтындай. Айта кетейік, былтыр 65 оқыс оқиға болған.

Ал, апта басында Риддерліктер қара суықта бірнеше күн жаурап қалды. Себебі, жылу беру орталығындағы олқылықтың кесірінен қазандықтарды жылытуға арналған мазутқа су араласып кеткен.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

Риддер Жылу электр орталығының басшылығы мазуттың сапасын бақыламаған. Оқыс жағдайға байланысты облыстық прокуратура жұмысын салғырт қараған басшыларды тексеріп жатыр. Ал, сол күні «Қазмырыш» ЖШС-нен 60 тонна мазут және Өскемен ЖЭО-нан 70 тонна мазут жіберілді. Одан бөлек, 25-қазанда түнде Риддерге 6 цистерна мазут әкелінді. Бұл 100 күнге жетеді деп жоспарланған.

Елімізде қазір 37 жылу электр орталығы бар. Олардың 22-і жекеменшікте болса, 10-ы әкімдіктер қарауында. 5-і квазимемлекеттік компанияларға тиесілі. Бәрінің жағдайы мәз емес. 58 пайызға тозып тұр. Ал, Энергетик саласының сарапшысы Алмас Әбілдаев бақылау дұрыс болмаған соң жаңарту жұмысы да тиімсіз жүріп жатыр, - дейді.

Алмас Әбілдаев, Энергетика сарапшысы:

Көп ТЭЦ-тар доверительный лицоларға берілген. Бірақ, ол жаңартып отыру жұмыстарын істемейді ғой. Мына отчеттан мына отчетқа дейін өмір сүру ғой. 2035 жаңа энергетикалық баланс планы бар энергетика министрлігінің 17 гбат күш қуат шығарайын деп жатыр. Бірақ оны қалай жасайтынын, ол қолдан келеді ма?

2035 емес қазіргі жағдайдың өзін алсақ. Биыл көктемде Петропавлда ескі мұржа құлап, бір адам қаза тапқан. Апаттан кейін станцияның директоры мен бас инженері, артынша, станцияға иелік ететін «Севказэнерго» компаниясының бас директоры қамалған. Кінәлілер жазаланды. Бірақ, содан бері 9 ай өтсе де құлаған мұржаның орнына жаңасы әлі салынбаған.

Олег Перфилов, «Севказэнерго» АҚ бас директоры:

Құрылысты келер жылы бастаймыз. Ал, әзірге басқа қазандықтар мен мұржаларды ретке келтіру керек. Себебі, орталықтың құрал-жабдықтарының 70 пайызы тозып тұр.

Демек, Петропавлда мәселе жетеді. Жергілікті билік өкілі де орталықты қысқы маусымға дайындауға биыл бөлінген 17 млрд теңге жоспарлы жөндеу жұмыстарынан артылмағанын айтады.

Ерлан Қайырбеков, СҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

Жоспарлы жөндеудің өзіне қыруар қаржы кетті. Ал, жаңағы тозып тұрған 70 пайыз сол қалпы қалды. Оны түгел ауыстыруға мүмкіндік жоқ.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 28 жылыту кәсіпорынының пайдалану мерзімі 50 жылдан өтіп кеткен. Ал, 9 нысанның қолданысқа енгізілгеніне - 30 жылдан асқан. Жылу электр орталықтарының орташа жасы 60-тан көп. Сондықтан, оларды түгел модернизациялау міндеті тұр.

Айдос Дәрібаев, ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

2009 жылдан бері қазіргі таңға дейін 3 жарым мың мегабатқа жуық жаңа модернизация жасалған станцияларға. Оған 1 трлнға жуық инвестиция тартылған болатын. 2027 жылға дейін 11 жобамыз бар ЖЭС-тарды қайта жаңғыртуға. Ол 1600 мегабатқа жуық күш қуатын қосуға мүмкіндік береді.

Бірақ, 1600 мегабатт дегеніңіз сонша көп емес. Өйткені, жалпы қуаттылық 23 мың. Ал, әбден тозығы жеткен орталықтарды жөндеуге инвестор табыла ма?

Алмас Әбілдаев, Энергетика сарапшысы:

Мемлекет өзі ауыстырмаса ешкім инвестор келіп жасамайды. Осы кезге дейін көзіміз жетті ғой. Біздің кішкентай тарифқа келмейді олар. Инвесторға ол жаппайды. Шет елдік сараптама аналитикалық центрлар олар 150 теңге қылып қой дейді, қазір 25 теңге. 25 теңгеден 150 теңгеге сіз қалай көтересіз.

Осы салада тәжірибесі жеткілікті кәсіби энергетик Петр Своиктен бір жылу орталығын салуға қанша ақша керек деп сұрап көргенбіз.

Петр Своик, Электроэнергетика саласы бойынша сарапшы:

Мысалы, қазір бір мегабат шығаратын кәсіпорын салуға 2 млн доллар қажет. Бұл нарықтағы ең арзан баға. Мысалы, Алматыдағы 2-ші ЖЭО орталағының қуаты - 500 мегабатт. Сонда 500 мегабатты 2 млн долларға көбейтсеңіз, демек, бір орталық салуға 1 млрд доллар керек.

Ал, бізде 37 орталықтың бәрі ескіріп тұрғанын ескерсек, оларды жаңартуға кемі 40-50 млрд доллар қажет. Бұл ақшаны тарифті өсіру арқылы қайтару да мүмкін емес,-дейді сарапшылар. Энергетика министрлігі болса, жаңағы 11 жобаны іске асыру үшін де тариф кәдімгідей өсетінін айтты.

Айдос Дәрібаев, ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

Жаңа инвестицияларды осы энергетика саласына тартуға байланысты қуат нарығында тарифтерді көбейту қажет болады. Жобамен 590 мың теңгеден 880 мың теңгеге бір мегабатты құрайтын тарифті көтеруді жоспарлауда.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Демек, қалтаға салмақ түспес үшін әзірге ескі орталықтарды жамап-жасқап отыра тұруға тура келетіндей. Өйткені бізде мүлде жылу электр орталығы жоқ қалалар да бар. Мысалы, Көкшетау. Мұндағы кішігірім қазандықтың жыл сайын өсіп келе жатқан қаланы жылытуға шамасы жетпей барады. Ал, жаңа орталық қашан салынатыны белгісіз. Айтпақшы, біз осы мәселені өткен жылы қозғағанымызда энергетика министрлігі «Жылумен жабдықтау туралы» заң әзірлеп жатырмыз, сол заң қолданысқа енсе көп мәселе оңай шешіледі деген. Бірақ, заң әлі әзірленіп жатыр екен. Ал, одан бері бір қыс бітіп, екіншісі күтіп тұр.

Аманкелді Сейтхан


Хабарламаларға жазылу