ТМД елдері бір-біріне қашқын жемқорларды экстрадициялау туралы келісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ТМД елдері бір-біріне қашқын жемқорларды экстрадициялау туралы келісті

30.10.2022

ТМД елдері бір-біріне қашқын жемқорларды экстрадициялау туралы келісті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан пара түріндегі табысты және қаржылық қылмыс жасағандарды елге қайтару бойынша келісім жасаған.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішовке қатысты сот үкімі шықты. Сот Біртановтың бостандығын 5 жылға шектеді. Ол цифрлық платформа жобасы бойынша кінәлі деп танылды. Ал санавиация бортын пайдалану эпизоды бойынша ақталып шықты. Ал Олжас Әбішевтің бостандығы төрт жылға шектелді. Экс-министрдің түрмеге қамалмауының өзін кейбірі «жеңіс» деп бағалап отыр. Бірақ Біртанов апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

Қыркүйек айында Қазақстанда әуе тасымалының құны 20 пайызға өскен. Finprom.kz статистикасына сәйкес әуе компанияларының биылғы табысы 421,6 миллиардқа жеткен. Былтыр 265 миллиард болған. Бір жыл ішінде билет құны 59 процентке өскен. Өңірлер бойынша Түркістан облысы көш басында: мұнда әуе тасымалы 1 жылда 49 пайызға қымбаттаған. Одан кейін Шымкент (46%) пен Ақтөбе облысы (45,9% ) тұр.

Депозитте ақшасын теңгемен жинаған адамдар үшін пайыздық мөлшерлеме ұлғайтылады. Қазан және қараша айындағы жинақ бойынша 3 және 6 айға ұсынылған мөлшерлеме 17,5 пайызға көтерілді. Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені көтерген соң, Депозиттерге кепілдік беру қоры банктерге осындай нұсқама берді. Ал жарты жыл немесе бір жылдық жинақ депозиті үшін мөлшерлеме 13-15 пайыз деңгейінде қалады.

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу