Орталық Азия елдері өзара қарым-қатынасты да күшейтіп жатыр. Өзбекстанда өткен диджитал апталықта Қазақстан мен Әзербайжан Каспий түбі арқылы талшықты-оптикалық желілер салу туралы келісімге келді. Келер жылы жүзеге асатын жоба бойынша су астымен өтетін байланыстың негізгі бағыты
Ақтаудан Әзербайжанның Сиазань қаласына дейін созылады. 340 шақырымдық кабельге Орталық Азияның өзге елдері де қызығып отыр екен. Бұл балама бағыт осы аймақтағы барлық мемлекетке сапалы интернет таратуға мүмкіндік береді. Соңғы уақытта шетелдерден кибер шабуылдар көбейіп, ғаламтордың үзіліп кетуі жиілегенін ескерсек, балама бағыт керек те шығар.
Ал Астанада ТМД-ға мүше мемлекеттер Үкімет басшыларының кезекті кеңесі өтіп, алыс-берісті көбейту жолдары талқыланды. Бұл жиында Иранға, Парсы шығанағы мен Үндістанға шығатын «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты бойынша сауда-саттықты дамытуға басымдық берілді.
Альбина Әшім