«Маңғыстау өңірінде арнайы экономикалық аймақтың тиімділігін арттырып, кәсіпкерлікті дамыту маңызды». Облысқа жұмыс сапарымен барған сенаторлар осылай деп мәлімдеді.
Мұндағы арнайы экономикалық аймақта жеңіл өнеркәсіптен бастап, туристік нысандарға дейін орналасқан. Құны 266 млрд теңге болатын инвестициялық жобалардан ел бюджетіне 54 млрд теңге салық түседі. Аталған экономикалық аймақтың тиімділігін арттыру мәселелерін сенат депутаттары орталық мемлекеттік орган басшыларымен бірлесе талқылады. Арнайы экономикалық аймақтың мерзімі 5 жылда аяқталады. Осы орайда жобаны тағы 10 жылға ұзарту және Ақтау теңіз портын Арнайы экономикалық аймақ қатысушы ретінде тіркеу мәселесі қаралды.
Серікбай Тұрымов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Ақтау қаласы – бірден бір теңіз қақпасы. Каспий теңізі арқылы Бакуге, Иранға әрі қарай Түркияға жүк шығару үшін біздің порттарымыздың дамуы өте маңызды. Бұны біз жоғарғы деңгейде Сенат қабырғасында Үкіметпен бірлесе отырып бұл мәселелерді көтеретін боламыз.
СЫРТҚЫ ЭКСПОРТ 7 ПАЙЫЗДАН АСПАЙДЫ
Сенат депутаты Серікбай Тұрымов сондай ақ Атырау облысына жасаған сапарында елімізде сыртқы экспорттың көлемі жеті пайызды құрайтынын айтты. Бұл өте төмен көрсеткіш дейді. Өңірдегі арнайы экомикалық аймақта орналасқан кәсіпорындарды аралап, жұмысымен танысқан соң облыстағы қоғам белсенділерімен жиын өткізді. Салада қордаланған мәселелерді талқылады. Сенатордың сөзінше іргелі жобаларды инфрақұрылыммен қамту бойынша проблемалар бар.
СЕНАТ КОМИТЕТІНІҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Ал Түркістан облысында сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің көшпелі отырысы өтті. Халқы тығыз орналасқан өңірдің білім, денсаулық сақтау және еңбекті дамыту мәселелері талқыланды. Әсіресе, білім саласын дамытудың маңызы жан-жақты сөз болды. Жергілікті мәслихаттарының депутаттарымен, сондай-ақ атқарушы орган өкілдерімен кездесу өтті. Аймақтың тыныс-тіршілігімен танысқан сенаторлар кездесу нәтижелері мен қорытындылары алдағы уақытта тиісті заң жобаларын қарау кезінде және комитет жұмысы барысында пайдаланылатын болады дейді.