Мемлекеттік сатып алу жүйесінде бірізділік жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік сатып алу жүйесінде бірізділік жоқ

27.10.2022

Мемлекеттік сатып алу демекші. Заң бойынша тауарлардың реестрін бекіту керек. Сонда тендердегі баға ретке келіп, бюджет қаржысы үнемделеді. Мұндай ұсынысты осы саланың сарапшылары жасап отыр. Ал жауапты министрлік бұған не дейді? 

Мемлекеттік сатып алу жүйесінде бірізділік жоқ. Бір өнім, қызмет немесе жұмыстың бағасы бір қаланың өзінде әртүрлі болуы мүмкін. Ал бұл бюджет қаржысын қарпып қалуға жол ашады. Осы мәселе Сенат қабырғасында да көтерілді.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Зайсанда, Шығыс Қазақстан облысында бір оқушы орынға 300 орындық 4,3 миллион теңге кетеді. Ал дәл сондай мектеп Қызылорда облысы Тереңөзекте 6 миллион теңге бір оқушы орны. Ертең осы мектептердің барлығын осы деңгеймен, әртүрлі деңгейде кете беретін болса, ақшаның көпшілігі талан-таражға түсіп кетпей ме?

Мұндай жағдай құрылыста ғана емес, түрлі тауар сатып алғанда да жиі кездеседі. Әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде өкпені жасанды желдету аппараттарын өз бағасынан бірнеше есе қымбатқа саудалағандар көп болды. Өйткені, сол уақытта мемлекеттік сатып алулар жеңілдетілген тәртіппен жүрді. Алайда қазір де құны қымбат тендерлер аз емес. Себебі, заң бойынша бюджет әкімшісі өнім берушілер ұсынған бағаға келісуге мәжбүр. Ал байқауға қатысатын мердігерлер өзара келісіп жоғары баға белгілеуді әдетке айналдырған.

Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:
Бюджетті тиімді пайдалану үшін бізде әр нәрсенің, әр тауардың тиісті бағасы болуы керек. Мысалы біздің ұсынысымыз – арнайы реестр ұйымдастыру. Қазіргі таңда сайтта реестр көрсетілген. Бірақ оның ешқандай заңды күші жоқ. 

Сарапшының пікірінше, сапалы өнім алу үшін мердігерге түсетін пайданы да заңмен бекіту керек. Оның табысы тендердің көлемі мен түріне байланысты белгіленуі тиіс. Сонда қосалқы мердігерлер мен коррупциялық схема жойылады, дейді ол. Алайда осы салаға жауапты министрлік өкілдерінің көзқарасы басқаша.

Мұрат Әділханов, Қаржы министрлігінің департамент директоры:
Әр қызметтің өзінің ерекшелігі бар ғой. Сондықтан оны жаппай қолдануға да болмайды. Бір қызметке қолданған көрсеткішті екінші қызметпен салыстыруға болмайды. Өте қиын шаруа. Сондықтан оны бірлесіп, мына бизнес өкілдері бар, мемлекеттік органдар бар сонымен бірлесіп талқылайтын боламыз. Қандай көрсеткіштерді қолдануға болатынын.

Қазір мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң жобасы жасалып жатыр. Бұл жұмыс келесі жылдың қыркүйек айына дейін аяқталуға тиіс. Оған дейін ұсыныстар мен шағымдарды арнайы жұмыс тобына жолдау қажет.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу