Астана тағы да халықаралық саяси алаңның орталығына айналып отыр. Елордаға ресми сапармен Еуропалық кеңестің Президенті Шарль Мишель келді. Құрметті мейманды Ақорда сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Кездесу кезінде Президент Еуро Одақпен серіктестікті дамыту - Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Кәрі құрлық - біздің елдің басты серіктестерінің бірі. Биылғы 8 айда Қазақстан мен Еуро Одақ елдері арасындағы сауда-саттық 26 миллиард доллардан асты. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 43 пайызға көп. Оның 22 миллиард доллары - экспорт болса, 4 миллиарды - импорт. Тараптар алдағы уақытта бұл санды одан әрі көбейтуге мүдделі. Ол үшін Орта дәліз және Транскаспий аталатын сауда жолдарын дамыту қажет. Сонымен қатар кездесуде тараптар энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі, «жасыл» экономиканы дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әсіресе, аса маңызды шикізатты тасымалдау және жасыл сутегі энергетикасын дамыту мәселесінде мол мүмкіндігіміз бар. Сонымен қатар, халықаралық көлік дәліздерін дамытудың маңыздылығын атап өттік. Бұл – қазіргі геосаяси жағдайда өте өзекті мәселенің бірі. Сондай-ақ, Еуропалық Одақтың «Транскаспий халықаралық көлік бағытын» қолдау мүмкіндігін қарастырдық. Бұдан бөлек, Еуропа санкцияларының Қазақстан экономикасына ықпалын болдырмау мәселесін талқыладық.
Шарль Мишель, Еуропалық кеңестің президенті:
Орталық Азия мен Еуропа бір-біріне жақындай түсіп, арадағы байланыс нығайып келеді. Қазақстан – Еуропалық Одақтың маңызды серіктесі, сондай-ақ халықаралық аренадағы және өңірдегі ықпалды мемлекет. Орталық Азия елдерімен берік ынтымақтастық аймақтың дамуына және қауіпсіздігіне жол ашады. Бүгінгі кездесу екі өңірдің арасындағы саяси диалогтан да жоғары мәнге ие.
Сапар аясында қос тарап Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіру және тарату орталығын құру бойынша келісімге қол қойды. Бұл - энергетика саласындағы жаңа әрі болашағы зор сала. Инвестор компания Маңғыстау жерінде жылына 2 миллион тонна «жасыл» сутегі өндіре алатын кәсіпорын салмақ. Оның құрылысы кезінде үш жарым мың, нысандарды іске қосу барысында 1800-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ Маңғыстау облысында маман даярлау үшін Германия мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында, ынтымақтастық орнату қарастырылған.
Шерхан Жамбылұлы