Астана тағы да халықаралық саяси алаңның орталығына айналып отыр. Елордаға ресми сапармен Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишель келді. Құрметті мейманды Ақорда сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Кездесу кезінде Мемлекет басшысы Еуропалық Одақпен стратегиялық серіктестікті дамыту әрқашан Қазақстанның басты сыртқы саяси басымдықтарының бірі болғанын атап өтті.
Кәрі құрлық біздің елдің басты серіктестерінің бірі. Биылғы 8 айда біздің ел мен Еуро Одақ арасындағы алыс-беріс 26 миллиард доллардан асты. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 43 пайызға көп. Оның 22 миллиард доллары экспорт болса, 4,2 миллиарды импорт. Тараптар алдағы уақытта бұл санды одан әрі көбейтуге мүдделі. Ол үшін Орта дәліз және Транскаспий аталатын сауда жолдарын дамыту қажет. Сонымен қатар кездесуде тараптар энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі, «жасыл» экономиканы дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестіктің барлық саласында қол жеткізген маңызды жетістіктерді айтуға жақсы мүмкіндік береді. Келесі жылы мерейлі датаны - дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығын атап өтеміз. Сіздің Қазақстанға ресми сапарыңыз өзара қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенімізді білдіреді.
Шарль Мишель, Еуропалық кеңестің президенті:
Біз алғаш Брюссельде кездестік. Содан бері тығыз байланыс орнатып, түрлі салада жұмыс істеп келеміз. Өңірлік деңгейде бірлескен жұмыс жүргізу маңызды. Сізбен ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелерін, соның ішінде климаттың өзгеруіне қатысты мәселені талқылау мақсатымен кездескеніме қуаныштымын.
Шерхан Жамбылұлы