Ақмолалық диқандар вагон тапшылығынан бидайды экспортқа шығара алмай отыр. Себебі өнімді шетелге жеткізуге қажетті вагондар жоқ. Қазіргі уақытта Атбасардағы екі ірі элеваторда 27 мың тонна бидай далада жатыр. Астық сақтайтын орын жетіспейді - дейді кәсіпкерлер. Өнімді тасымалдауға өтінім ерте берілгенімен, вагондар кеш жеткізілген. Диқандардың мәселесі жуық арада шешілмесе, сатып алушыларымыздан айырылып, шығынға батамыз деп алаңдаулы.
Әбдірахман Сарбасов, «Нан абыройы» ЖШС директоры:
Бізде 15 мың тонна бидай далада жатыр. Жаңбыр, қар жауып тұр. Элеваторта орын жоқ. Диқандардан бидай қабылдай алмай отырмыз. Вагон мәселесін ертерек, айдың басында шешу керек еді. Мүлдем кеш беріле бастады. Оның өзінде аз. Вагон тапшы.
Осы мәселеге қатысты астық тасымалына жауапты «Астық Транс» компаниясы өкілдері жауап берді. Олардың айтуынша, биыл 22 миллон тонна бидай тасымалданбақ, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 млн тоннаға көп. Сондықтан, мол өнімді 1-2 айда тасымалдап бітіру мүмкін емес.
Астықты тасымалдауға 6-7 ай керек
Сергей Мосолкин, «Астық Транс» АҚ президентінің бірінші орынбасары:
Еліміз бойынша астық тасымалдайтын 13 мың вагон бар. Теміржол инфрақұрылымының мүмкіндігі шектеулі әрі астықты бүлдірмей ұзақ мерзімде сақтайтын элеваторлар жетіспейді. Осы проблемаларды ескере келе, бидайдың бәрін өткізу үшін кемінде 6-7 ай керек. Ал, Атбасардағы жағдайға қатысты бұл мәселені жуық арада шешуге күш саламыз.
Ермек Елберген