Жер учаскелерін беру процесі жеңілдейді: Заң жобасы мақұлданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жер учаскелерін беру процесі жеңілдейді: Заң жобасы мақұлданды

26.10.2022

Мәжіліс жер учаскелерін беру процесін цифрландыру туралы заң жобасын мақұлдады. Жаңа норма жылжымайтын мүлік үшін бір ғана мемлекеттік акт жасауға негізделген. Аталған жаңашылдық жайында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов хабарлады. Халықаралық тәжірибе бойынша жер мен жылжымайтын мүлік бірге жүреді. Алайда кадастрларды біріктіру картадағы жылжымайтын мүлік нысандары туралы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді, дейді. Жаңа мемлекеттік кадастрлық карта арқылы бос жер учаскесі туралы ақпарат алуға болады. Әрі жер учаскесі мен ғимаратқа қатысты құжат саны азаяды. Осылайша жер актісі мен кадастрлық паспорт бір құжатқа біріктіріледі.

Әсет Тұрысов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

Осы картада өзіңізге ұнаған жер учаскесін таңдап, заңнамаға сәйкес бұл жерді аукционға шығару үшін өтінім беруге бастамашылық жасай аласыз. Содан соң «Электронды үкіметтегі» жеке кабинетіңізге хабарлама келеді. Осылайша бос жер учаскелерін алу бойынша ашықтық пен қолжетімділік арта түседі, дейді ол.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу