Қазақстандық кәсіпкерлердің Еуразия нарығына шығуына кедергілер алынады. Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысында осындай келісім жасалды. Бұл серіктес елдердің азаматтары бір-бірінің тендерлеріне қатысуы жеңілдейді деген сөз. Жиында Премьер-Министр Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің мемлекеттік сатып алуларында ұлттық режимдердің жұмыс істеуіне қатысты мәселені де шешуді ұсынды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Техникалық және технологиялық талаптар, жергілікті жағдай, тіпті географиялық шектеулер – серіктес елдердің мемлекеттік сатып алуларына қатысу кезінде кәсіпорындардың алдынан шығатын кедергілердің бірі. 2020 жылы тауар өндірісіне қойылатын жалпы талаптардың бірыңғай ережелері қабылданды. Бірақ 2 жылға жетер-жетпес уақыт ішінде олар бірнеше рет өзгерді. Бұл көбіне ережелерді айналып өтетін қосымша талаптардың қойылуынан болып отыр. Сондықтан мемлекеттік сатып алуларда ұлттық режимнің жұмыс істеу қағидасын тұтас түзету қажет.
Сонымен қатар Премьер-Министр Еуразиялық экономикалық одақ елдерін көлік паспортының бірыңғай формаларын енгізу және электрондық паспорттар жүйесін ұйымдастыру жұмыстарын жеделдетуге, сондай-ақ ортақ нарық тиімділігіне тікелей әсер ететін техникалық регламенттерді реттеуге шақырды.
Жанель Кушукова, ҚР Сауда және интеграция министрінің көмекшісі:
2023 жылдың бірінші тоқсанына дейін 11 кедергіні жою туралы келісімге келдік. Бұл біздің кәсіпкерлердің Еуразия елдерінің нарығына шығуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қырғызстандық тауарларды Қазақстан арқылы Ресейге тасымалдау кезінде навигациялық пломбаларды қолдану бойынша пилоттық жобаны бастау туралы шешім қабылданды.
Серік Селеубай