Оралдағы «Кублей» зауыты жабылса, 600 адам жұмыссыз, 2,5 мың шаруа қожалығы табыссыз қалуы мүмкін. Базынасын айтқан кәсіпорын өкілдері Алматыда баспасөз жиынын өткізді. Олардың айтуынша, зауыттың санитарлық қорғау аймағына тұрғын үйлер заңсыз салынған. Баспаналар құжат жүзінде заңдастырылатын болса, мекеме жабылуы ықтимал.
Бақытжан Базарбек, зауыт заңгері:
«Біз, заңгерлер, Оралдағы әкімдік, жер қатынастары, сәулет құрылыс басқармасының үстінен шағымдандық. Мақсатымыз - зауыттың санитарлық аумағын сақтап қалу ғана емес, әкімдіктің жерді не үшін алып қалғысы келетінін анықтағымыз келеді. Барлық дәлелдемені жинап, сотқа 8 том айғақ ұсындық.
Осы зауыт пен құрылыс компаниясы арасындағы даудан 500 отбасы үйсіз қалуы мүмкін. Зардап шеккен тұрғындардың дені - баспананы несиеге алған. Бұл ретте, Орал қаласы әкімдігі даулы мәселеге қатысты нақты жауап бермей отыр.
Асхат Көлбаев, қала әкімінің орынбасары:
Бүгінде осы іс бойынша сот процесі жүріп жатыр. Сол себепті қандай да бір ақпарат беруден әзірге бас тартамын. Нақтырақ айтқада, пікір білдіруге құқым жоқ. Сот шешімін күтейік.
Фариза Мұсақызы