АҚШ-та «Гүлдер» би тобы қазақ өнерін насихаттап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та «Гүлдер» би тобы қазақ өнерін насихаттап жүр

19.10.2022

АҚШ-та қазақтың өнерін бірнеше жылдан бері паш етіп жүрген «Гүлдер» би тобы бар. Қаракөз қыздар өздері жиналып, жасақтаған бірлестік осы кезге дейін біраз айтулы мәдени шараларда өнер көрсетіп, халықтың ықыласына бөленіп үлгерген. 

Қазақ қыздары Капитоллидің жанында кезекті би өнерін көрсетуге дайындалып жатыр. Көркемдік жетекшісі - Зарина Әлім. Кәсіби биші әрбір қимылды кіршіксіз жасауды талап етуде. Күнделікті жаттығуға мүмкіндік жоқ. Себебі, биші қыздардың көбі жырақта тұрады. Мәселен, Гүлияр Хасанова Солтүстік Каролинадан бес сағат жол жүріп келген. Бұл үшін оларға ешкім ақша төлеп жатқан жоқ. Бүкіл шығынды өздері көтереді, киімдерін де өздері тіктірген. Мақсат біреу, би өнері арқылы қазақтың терең мәдениетін паш ету.

Би тобы бес жыл бұрын құрылған. Осы аралықта Американың көп штатына барған шығармашыл жастар түрлі халықаралық фестивальдерге қатысып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Мұндағы өнер сүйер қауымға қазақтың билері мен ұлттық киімдері ерекше ұнаса керек.

Топтың репертуарында бүгінде қазақпен қатар өзбек, ұйғыр тіпті тәжік билері де бар. "Қайда жүрсе де шама-шарқынша туған жерді, ұлттық дәстүрді таныту әрбір адамның азаматтық борышы",- дейді америкалықтарды өнерімен тәнті етіп жүрген қазақтың қаракөз қыздары.

Жалғас Сәдібекұлы 

Хабарламаларға жазылу