Еңбек адамы: Ақтөбелік Андрей Блюменштейн бала күнінен армандаған мамандығы үшін табысты кәсібінен бас тартқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еңбек адамы: Ақтөбелік Андрей Блюменштейн бала күнінен армандаған мамандығы үшін табысты кәсібінен бас тартқан

18.10.2022

Өз ісінің шебері! Ақтөбелік Андрей Блюменштейн бала күнінен армандаған мамандығы үшін табысты кәсібінен бас тартқан. Соңғы төрт жылдан бері облыс орталығында өрт сөндіруші болып істейді. Осы уақыт аралығында ол ондаған адамның өмірін ажалдан арашалап, кәсіби маманға айналып үлгерді. 

Өрт сөндірушілер қай кезде де сақ отырады. Өйткені кез-келген сәтте шақырту түсуі мүмкін. Санаулы секундтарда арнайы киімдерін киіп, оқиға орнына жетулері тиіс. Андрей үшін әр жұмыс күні тәуекелге толы. Бірақ, бала күнінен өрт сөндіруші боламын деп армандағандықтан, бұл қызметке келгеніне еш өкінген емес.

Андрей Блюменштейн, аға өрт сөндіруші:

Әскери жағына кеткім келді. Форма киіп, погон кигім келді. Бұйырғаны шығар. Ондай қорқыныш болмайды. Адреналин кезінде білінбей қалады да ештеңе. Одан кейін ойлап қарасаң, түсінесің негізі. Адамда қорқыныш болғаны дұрыс.

Андрей Мұғалжар ауданының тумасы. Мектеп бітірген соң медициналық оқу орнын тіс дәрігері мамандығы бойынша тәмамдаған. Екі жылдай Қандыағаш қаласында дипломы бойынша жұмыс та істеді. Алайда, оны тастап, өзі армандаған қызметке келді. Қазір бөлімдегі мақтаулы мамандардың бірі.

Асхат Есниязов, №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері:

Өз ісіне адал, ержүрек, батыр жігіт ретінде білемін. Алдыңғы дежурствода ғана осы өртке шыққанбыз. Тургеноев көшесінде екі этажды үй жанды, квартира. Сонда адамды құтқарып алып шықты осы Андрей.Оның мұндай жетістіктері көп.

Андрей ауылдық жерде өсті. Сондықтан, мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, бойыма қазақтың қайсар қасиетін сіңіріп өстім дейді.

Андрей Блюменштейн, аға өрт сөндіруші:

Мектепте қазақша оқығам. Колледжде қазақша,армияда қазақша. Қазақстанда туылғасын бәрі қазақша болып кетті менде.Орысша енді жақсы сөйлеймін деп айта алмаймын. Бірақ, сөйлеймін былай.

Андрейдің дәрігерлік мамандығы қазіргі жұмысында да кәдеге асып жатады. Өйткені, адамдарды құтқару барысында оларға алғашқы медициналық көмекті де өзі көрсетеді. Ол қызметіне адал болып, офицер шенін алуды көздейді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу