Екібастұзда көмірден қуат өндіретін жаңа нысан салу жоспарланып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзда көмірден қуат өндіретін жаңа нысан салу жоспарланып отыр

18.10.2022

Елде жаңа электр станциясы салынуы мүмкін. Атом электр станциясына қатысты нақты шешім жоқ. Үкімет қай елдің технологиясына тоқтайтынын әлі білмей отыр. Сондықтан, Екібастұзда көмірден қуат өндіретін жаңа нысан салу жоспарланып отыр. Бүгін үкіметте энергия қауіпсіздігі мәселесі қаралды.

Энергия қауіпсіздігі төрткүл дүниені алаңдатып отыр. Тапшылық бізде де бар. Мәселе әзірге көрші елдердің энергия жүйесі арқылы шешіліп келеді. Бірақ, соған қарамастан қуат көзін шектен тыс тұтынатындар көп. Мысалы, майнинг. Тоқты аяусыз тұтынып отыр. Мұндай компанияларға енді тариф саясаты өзгеруі мүмкін.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

Тікелей есепке алатын болсақ, осы жылы емес, бірақ болашақта 5,6,10 жыл ішінде салу керек. Бұл деген 1,2 теңгеге өсуі мүмкін.

Оның үстіне елдегі энергия нысандарының дені тозған. Станциялар мен желілердің 60 пайыздан астамы ескі. Кей өңірлердің жылу электр орталықтарында тіпті 80 пайызға жеткен. Бұл әрине, энергия қауіпсіздігіне үлкен қатер. Үкімет жаңа жобаларды қолға алып жатыр. Үш жылда 48 жаңартылатын энергия нысаны салынбақ.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Электр станциялары мен қазандықтардың жабдықтарын жаңартып, желілерді реконструкциялау қажет. Сонымен қатар экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін 2035 жылға қарай 10 ГВт-тан астам жаңа энергия қуаты қажет болады. Көріп отырасыздар, алдымызда күрделі міндеттер тұр.

Ол міндеттерді орындау үшін ресурс жеткілікті. Тек жүйелі жоспар мен тиянақты жұмыс керек. Әлихан Смайылов ведомства басшыларына бірқатар тапсырма берді. Әсіресе, «инвестиция орнына тариф» саясатына қатысты нақты механизм ұсынысын тездету керек. Мерзім – осы айдың соңы.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу