Қызылордада «Алтын дән» мерекесі аясында аламан бәйге мен жәрмеңке өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада «Алтын дән» мерекесі аясында аламан бәйге мен жәрмеңке өтті

17.10.2022

Қызылордада «Алтын дән» мерекесі аясында аламан бәйге мен жәрмеңке өтті. Тұлпарлар дүбірінде жүзге жуық шабандоз қатысып, шын жүзден жүйрік анықталды. Ал тоқшылық тойында ауыл еңбеккерлері екі мың тоннаға жуық өнім әкеліп, қала тұрғындары қысқы азығын қамдап алды.

Биыл Сыр диқандарының ырзық-несібесі мол болды. Облыс орталығына ауыл аймақтан бау-бақша, көкөніс пен азық-түлік тиеген 500-ден аса жүк көлігі келді. Әр өлке өз брендін әкелген. Аралдың балығы, Жаңақорғанның қарбызы, Шиелінің қауыны, Қармақшының күріші мен Жалағаштың картобы ерекше сұранысқа ие болды.

Марат Қалниязов, Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Ауданнан қазір бізде 60 көлік, жобамен 240 тоннадай өнім әкеліп тұрмыз. Жалпы сомасы 48 миллион теңгенің шамасында.

Жәрмеңке шаһардың әр мөлтек ауданында өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев көппен бірге тоқшылық мерекесін тойлап, өз өнімдерін ұсынған ауыл еңбеккерлерімен тілдесіп, алғыс білдірді. Ал базар бағамынан 10-15 пайыз арзан сатылған азықты қап-қабымен тасыған тұрғындар да мәз-мейрам, көңілі тоқ.

Айткүл Айымбетова, қала тұрғыны:

Картоп алдым, жуа алдым. Жақсы бұл жолы. Жақсы жаман емес. Енді халыққа тиімді. Әйтеуір, базардан арзан.

Аламан бәйге жеңімпазына 4 миллион теңге табысталды

Осы күні бабалар дәстүрімен ипподромда ат жарыстырып, аламан бәйге ұйымдастырылды. Сырдағы дүбірге еліміздің түкпір-түкпірінен сәйгүлік баптаған атбегілер келді. Желмен жарысқан жануарлардың сайысын тамашалаған көрерменнің делебесі қозып, шабандоздарға ерекше қолдау көрсетті.

Жұртшылық асыға күткен ең ұзақ 15 шақырымдық аламанда Жамбыл облысының шабандозы қарсыластарын шаң қаптырып, 4 миллион теңгенің жүлдесін жеңіп алды.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу