Түркияның солтүстігінде Бартын провинциясындағы көмір шахтасында болған алапат жарылыстан 41 кенші көз жұмды. Ондаған жаралы шахтер ауруханаға жеткізілген. Кеше кешкі уақыттарда болған апаттан соң түні бойы құтқару жұмыстары жүргізілді.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Ыстамбұлдан шамамен 500 шақырым жерде Қара теңіз жағалауындағы Амасра көмір кенішінде жарылыс болғаны туралы ақпарат жергілікті уақытпен кеше кешкі сағат жетілерде шықты. 300 метр тереңдікте метан газы жарылып, артынан алапат өрт шыққан. Апат болған кезде шахтада 110 кенші жұмыс істеп жатқан. Алғашқы сағаттарда жер бетіне жақын жерде болған 20 шахтер құтқарылып, екі кеншінің жансыз денесі шығарылды. Құтқару жұмыстары түні бойы жүрді. Алайда құтқарушылар кеншілерді іздеуге қатты өрт кедергі болғанын айтады. Жергілікті уақытпен таңғы жеті жарымда өрт сөндіру және құтқару жұмыстары толық аяқталды. Соңғы мәліметтерге сай шахтада болған 110 кеншінің 58-і аман сау, 11 жаралы яғни ауруханаларда, ал 41 адам өкінішке орай қаза тапты. Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған сапарларының бәрін кейінге шегеріп, апат болған аймаққа барды. Жаралылармен және қайтыс болғандардың жақындарымен жолықты.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
Амасра кеніші біздің ең заманауи техникамен жасақталған шахталарымыздың бірі еді. Алайда амал қанша осындай апат болды. Тағдырдың ісіне шара жоқ. Біз технологияның барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, мұндай апаттардың алдағы уақытта болмауы үшін қолымыздан келгенді жасаймыз. Мемлекет тарапынан қаза тапқан кеншілердің отбасыларына алғашқы ретте 1 млн 350 мың лиралық қаржылай көмек көрсетеміз. Жарылыстың себебін, және кінәлілер болса оларды анықтау үшін тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Қайғылы оқиғаға байланысты елдегі барлық көңіл көтеру шаралары тоқтатылды. Қазір жарылыстың неден болғанына байланысты тергеу-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Бүгін таңертеңнен бері қайтыс болған кеншілерді жерлеу рәсімдері өтіп жатыр. Осы тектес жарылыстар Түркияда жиі болып тұрады. Естеріңізде болса, бұған дейін Түркия тарихындағы ең үлкен апат Маниса аймағындағы Сома көмір кенішінде 2014 жылы болған еді. Ол апаттан 301 шахтер қайтыс болған болатын.
Айдос Әшімұлы