Жамбыл облысының Шоқай ауылында 80 орындық мектепте 250 оқушы білім алып жатыр. 56 жыл бұрын салынған білім беру мекемесі стандартқа сай келмейді деп танылса да, жергілікті билік мәселені шешуге асығар емес. Асханасы, мәжіліс пен спорт залы жоқ мектептің материалдық базасы да жеткіліксіз. Ал құрылысы биыл басталған 150 орындық жаңа мектептің тек қабырғасы ғана көтерілген.
Бұл мектептің балалары қоңырау кезінде көбіне далада жүреді. Өйткені ауылдағы алақандай мектепте 9 сынып қана бар. Асхана, спорт зал түгілі дәліз де жоқ.
Гүлнар Шалқарбаева, ауыл тұрғыны:
Спорт залымыз жоқ, жаздың күні әйтеуір далада ойнайды бала-шаға. Мектеп тар далада ойнап жатады, үстері шаң болады. Жаңа мектеп болса өзінің асханасы болса, балаларымыз уақытында тамақ ішіп тұрса қандай жақсы.
Шоқай ауылында 1000-ға тарта тұрғын бар. 1966 жылы салынған мектеп 2020 жылы білім беруге жарамсыз деп танылған. Ұстаздар практикалық пәндер мен зертханалық жұмыстарды видео арқылы көрсетіп амалдап отырғанын айтады.
Жандос Досқожа, мектеп директоры:
Теориялық білімді береміз кабинеттерімізде мультимедиялық тақталар бар. Сол зертханалық жұмыстарды ютуб каналынан, әр түрлі платформалардан білім лэнд, дарын онлайн деген бар соны видео ретінде көрсетіп білім беріп жатырмыз.
Ауыл мектебінің мәселесін шешуге бюджеттен 760 миллион теңгеге 150 орындық жаңа ғимарат салу жоспарланған. Бірақ қаржы тапшылығына байланысты биыл 100 миллион теңге бөлініп, құрылыс тұралап қалды.
Қанат Сүлейменов, құрылыс компаниясының өкілі:
Биылдыққа құрылысты сәуірде бастадық. Биылға 100 миллион теңге қаржы бөлінген. Сол жүз миллионды игеріп қойдық. Қазіргі уақытта 15-20 адам жұмыс істеп жатыр. Тағы балалар қосылып жатыр, жұмыс күші қосылып жатыр.
Құрылыс басқармасындағылар қаржы тапшы екенін айтады. Бұдан бөлек, тағы 4 нысанның құрылысы уақытылы аяқталмай жатқан көрінеді.
Ерлан Орынбаев, облыстық Құрылыс басқармасының басшысы:
Шоқай мектебіне келсек, бәрі қаржыға байланысты. Жылдың басында 100 миллион теңге бөлдік, соңғы мәслихат шешімімен тағы 150 миллион теңге бөлінді. Алдағы екі аптада қаржы аударылып қалады.
Биыл өңірде 7,8 миллиард теңгеге 16 білім нысанының құрылысы басталған. 1000 мектеп салу ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін аймақта 20 жаңа білім ошағы бой көтеруі тиіс.
Нұрдос Сембекұлы