Қазақстан мен Түрікменстан арасында әуе рейсі қайта жанданады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Түрікменстан арасында әуе рейсі қайта жанданады

15.10.2022

Қазақстан мен Түрікменстан арасында әуе рейсі қайта жанданады. Екі ел арасында сауда-саттық көлемі еселеп артады. Түрікменстан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында тараптар миллиардтық межеге уағдаласты. Бүгін мемлекеттер басшыларының қатысуымен оннан астам құжатқа қол қойылды.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Ақорда. Құрмет қарауылы. Бұл Түрікменстанның 3-ші президенті. Сердар Бердімұхамедов осыдан 7 ай бұрын сайланған болатын. Қазақстанға алғаш мемлекеттік сапары. Биыл қазақ-түрікмен қатынасына - 30 жыл. Бұл сапар байланысты одан әрі бекемдей түсуге мүмкіндік бермек.

Қазақ-түрікмен байланысы бұрыннан бекем. Бауырлас, шекаралас, серіктес. Тамыры терең ортақ тарих бар. Сондықтан болар, ынтымақтастықты дамытуға екі ел де бейіл.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Түркіменстан – Қазақстан үшін бауырлас мемлекет. Біздің тарихымыз бен шекарамыз ортақ. Бізді мәдени-гуманитарлық салалар және экономикалық мүдде секілді көп бағыттар байланыстырады.

Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан президенті:

Бұл – менің Қазақстан Республикасына алғашқы мемлекеттік сапарым. Біз бұл сапарды елдеріміздің арасындағы екіжақты байланыстарды дамытудың маңызды кезеңі ретінде қарастырамыз.

Түрікменстанның саясаттағы ұстанымы бөлек - томаға тұйық. Бірақ, Қазақстанмен қатынаста емен-жарқын. Алыс-беріс пандемия кезінде азайып кеткені рас. Бұл жолғы сапарда осы олқылықтың орнын толтыру тетіктері қаралды. Әуелі сауда-экономикалық байланыс. Екіжақты тауар айналым былтыр 250 млн доллардан асты. Көрсеткішті еселеп көбейтуге болады. Тараптар миллиардтық межеге уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің мақсатымыз – өзара сауда-саттық көлемін алдағы жылдары 500 миллион долларға дейін арттыру, ал келешекте миллиард долларға жеткізу. Бұл үшін Тауар айналымын ұлғайту және жеткізілетін тауар номенклатурасын кеңейту жөніндегі жұмыс тобының қызметін жандандыруға тапсырма бердік. Екі елдің үкіметтері біздің тапсырмамыз бойынша осы мүмкіндіктерді қарастырады.

Түрікменстан – біздің ел үшін Иран мен Парсы шығанағына жол ашатын транзит. Экспортты көбейтудің маңыздылығы осында. Қазақстан тауардың тағы 80 түрін сыртқа шығаруға дайын.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Ең маңызды мәселе Қазақстанның ұны бар. Қазақстанның бидайы, дәнді бұршақты дақылдардың логистикалық жолдарын ұлғайтып, дамыту. Түрікменстан Республикасының территориясы арқылы көршілес басқа да елдерге Ауғанстан, Иран болсын басқа елдерге шығару мүмкіндіктерін қарастыру, инфраструктурасын дамыту.

Түрікменстан табиғи газға бай. Ал Қазақстан ірі энергетикалық бастамаларын қолдауға әзір. Отырыста осы сала бойынша да келісім жасалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«QazaqGaz» және «Түрікменгаз» компаниялары түрікмен газын импорттау жөнінде келісімге қол қойды. Бұл жобаға жеке қолдау көрсеткені үшін Түрікменстан Президентіне алғыс айтамын. Біз ұзақ мерзімді келісім жасауға, газ импортын жылына мың жарым миллиард текше метрге дейін ұлғайтуға мүдделіміз.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

Болашақта карбамит шығаратын зауыттар үшін керек болады. Мысалы карбамит зауытын айтатын болсақ ол жоспар бойынша 1,5 млрд-тан астам текше метр қажеттілігі бар. Біздер осының бәрін есептеп, осындай мүмкіншіліктерді қарастырып жатырмыз.

Көп ұзамай түрікмен-ауған шекарасында бидай терминалы салынуы мүмкін. Қазақстан бидайын түрікмен нарығына эскпорттау жайы жан-жақты қарастырылды.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:

Екі мемлекет арасындағы сауда көлемін 1 млрд АҚШ долларына жеткізу көзделген. Сондықтан да барынша ынтымақтастықты күшейтуіміз керек. Қазір биылдың өзінде 350 млн АҚШ доллар шамасында. Түркіменстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін жібереміз.

Ақтау-Құрық-Түрікменбашы теңіз порты бойынша кооперация күшейеді. Келіссөздер барысында көлік-транзит саласы тыс қалмады. Мемлекет басшылары «Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» автокөлік жолының құрылысына қатысты мәселелерді қаузады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолын толық қуатта іске қосу бойынша бірлескен шаралар қабылдау жөнінде келісімге келдік. Бұрыннан қалыптасқан логистикалық тізбектер үзілген кезде бұл бағытқа қажеттілік күрт артты. Сондықтан біз магистральді дамыту бойынша бірлескен іс-әрекет жоспарын дайындауды тапсырдық.

Пандемия кезінде тоқтап қалған әуе рейстері де көп кешікпей қайта жанданады. Жоғары оқу орындары арасында байланыс күшейеді. Жастардың қарым-қатынасын нығайту шаралары қолға алынады. Осылайша, мәдени-гуманитарлық салада ынтымақтастық беки түспек. Келіссөздер қорытындысы бойынша оннан астам құжатқа қол қойылды.

Мемлекеттік сапармен келген Сердар Бердімұхамедовті Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайдан өзі шығарып салды.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу