Түркістан облысында білім ошақтары әлі де жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында білім ошақтары әлі де жетіспейді

14.10.2022

Түркістан облысында жыл сайын жаңа мектептер салынғанымен білім ошақтары әлі де жетіспейді. Облыс орталығы Түркістан қаласының өзінде үш ауысыммен оқып жатқан әлі үш мектеп бар. Ал қаланың іргесіндегі Бірлік елдімекеніндегі мектепте бала саны алты есеге көп. 

Бірлік елдімекенінде он жыл бұрын 300 орындық мектеп салынды. Алайда, бұл үш ауысымда білім беретін мектептің мәселесін шешкен жоқ. Себебі қазір мұнда 1700-ден аса оқушы білім алып жатыр. Мектеп тарлық еткен соң ұстаздар бұрынғы апатты деп танылған ескі ғимаратты да амалсыз пайдаланып отыр.

Сынып бөлмелері ескі пештермен жылытылады. Мұндағы жиһаздар мен есік терезелер де көнерген. Онсыз да артық жүктемемен жұмыс істейтін ұстаздар қосымша сабақтар мен үйірмелер үшін сынып бөлмелері жетіспейді дейді.

Нәсиба Әділова
Мектебіміз өте ескі болғандықтан, қазіргі таңда сабақ өткізу кабинеттік жүйе жоқ. Біздің мектепте тек қана үш интерактивті бөлмелері бар. Алайда ол жерлерге сабақ белгіленіп қойғандықтан кіре алмаймыз. Сыныптан тыс іс шараларға үш аусымдық мектеп болғандықтан, оқушы сыймайды.

Мәселе жаңа ғимарат салынбай шешілмейді. Тозығы жеткен тар мектепте оқып жатса да , білімнің шыңына жетем деп тырысқан балалардың күйін білім басқармасы да тіпті депутаттар да көріп кеткен.

Мұхаммедрасул Изатуллаев, мектеп директоры:
Кабинеттің тапшылығы бізде химия, биология, физика пәндерін бөліп оқуға жағдай жоқ. Облыстық әкімшіліктен, құрылыс бөлімінен мамандар тексеріп кетті. Көріп кетті. Облыстық депутаттар да хабары бар бұдан, біледі.

Проблема қала әкімдігі тарапынан тез арада шешілмейтін болғандықтан, инвесторға жер берілген. Қазір жергілікті екі кәсіпкер Бірлік мөлтек ауданынан жекеменшік білім ошағын салып жатыр. Бірақ, бұл мектеп 600 орындық қана. Наурыз айында басталған құрылыс жұмыстары жыл соңына таман аяқталады деп сендірді.

Хабибулла Мұстафаев, кәсіпкер:
Ғимарат үш қабатты. 46 класс бар. Химия сыныбы, физика сыныбы бәрі жабдықталады. Мына жерде қанша оқушы сабақ оқыса, қанша адам жұмысты болады. Жұмыспен қамтылады. Бұл екі жақты пайдалы болып келеді.

Қазір өңірде үш ауысымда білім беретін 11 мектеп бар. Биыл оның үшеуінің құрылысы басталып, ендігі жылы тапсырылады деп күтілуде. 2025 жылға дейін өңірде 200-ге тарта мектеп салу жоспарланған. Осыдан кейін апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесі біржола шешілмек.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу