Павлодар облысы Успенка ауданындағы 21 елді мекеннің жартысы ғана орталықтандырылған су құбырына қосылған. Бірақ бұның өзі қағаз жүзінде болып шықты. Мәселен, әкімшіліктің заңсыз әрекеті салдарынан үш бірдей ауылға ауыз су тартылмай, осы мақсатқа бөлінген 1,5 млрд. теңгеге жуық бюджет қаржысы игерілмей қалған. Естеріңізге сала кетейік, аймаққа сапарында Президент тұрғындарды ауыз сумен қамту мәселесін сынға алған болатын.
Бұл Белоусовка ауылы. Былтыр мұнда 500 млн-ға жуық қаржыға орталықтандырылған су құбыры салынған. Әкімшілік қабылдап алған нысан қазір жабық тұр. Ал, орталық магистральдан үйлеріне құбыр кіргізу үшін ақша төлеген тұрғындар енді өкініп отыр.
Күнболат Зауыт, ауыл тұрғыны:
Біз бұл суды күтіп отырғалы бір жыл болды. Былтырғы 9-шы айдан бері қарай қазір міне қазан айы болды. 1 жылдан бергі бұл қалайғы әңгіме, 1 жылдан бері судың бір дәмін татпасақ, ауданға бардық айттық-айттық, міне күні бүгінге дейін жоқ.
Александр Баранюк, ауыл тұрғыны:
Бізге судың тарифі қанша болатыны айтылған жоқ. Алтынмен пара-пар баға белгілесе не істейміз? Күте-күте шаршаған соң мен құдық қазып алдым. Өйткені, жазда қоса алмаған су құбыры қыста қатып қалмасына кім кепіл? Маған енді оның қажеті жоқ.
Тұрғындар шөлдеп отыр. Ал, ауылды ауыз сумен қамтуға арналған су жаңа нысан жұмыс басталмай жатып бірнеше мәрте сынған. Сапасыз салынған құрылысты қалай қабылдағандарын әкімшілік түсіндіріп бере алмады.
Ерлан Айтмұқышев, Успенка ауданы әкімінің орынбасары:
Кейбір жерлерде құбырлар жарылып, сол жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Енді мен бұл мәселемен жаңа айналыса бастадым. Сондықтан қазір нақты жауабын бере алмаймын.
Қазір осы ауданның Ольгина ауылына да су құбыры тартылмай, жұмыс тоқтап тұр. Қаратай және Вознесенка ауылдары сапалы ауыз су беріледі, - деп күткелі екінші жыл. Үш ауылға бөлінген 1,5 млрд теңге қаржы биыл да игерілмей қалды.
Ерік Слан, Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының бөлім басшысы:
Бұл конкурстық рәсімдер былтыр 2021 жылы өткізілген. Алайда тиісті бюджеттегі қаражат 2022 жылға аударылғанына байланысты Успен ауданы әкімшілігі ол сатып алудан бас тартты. Алайда, сол жеңіп алған мердігер компания өзінің сот алдындағы мүддесін қорғап, сот шешімімен Успен ауданы әкімшілігінің іс әрекетін заңсыз деп таныды.
Тағы бір мәселе орталықтандырылған су құбырына қосылған 4 ауылда әлі күнге дейін тариф бекітілмеген. Есептегіш құралдары да жоқ. Суды тегін бермейтіні белгілі, ертеңгі күні қарыздан көз аша алмай қаламыз ба?, - деп алаңдайды тұрғындар.
Болат Аманбаев