Алматыда қолөнершілер форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қолөнершілер форумы өтті

13.10.2022

Ұлттық дүниені ұлықтауда үкіметтен қолдау керек. Бүгін Алматыда қолөнершілер форумы өтіп, саладағы өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, шеберлер кәсібін жүргізгенде салықтан босатуды сұрайды. Өнер иелерін түрлі жиындарға аяқ астынан шақырып алып, көзбояушылық жасау үшін ғана емес, шын бағалап, заңды түрде мәртебесін бекітсе, дейді.

Кәсіпкер Анар Бексұлтанова – ерекше қабілеті бар адам. Дүниеге екі қолсыз келсе де, бар өмірін қолданбалы өнер және кескіндеме саласына арнаған маман. Бағы жанып, қолөнершілер байқауында бас жүлде бұйырды. Шебердің айтуынша, әсіресе, осы саладағы жастар қолдауға зәру.

Анар Бексұлтан, шебер:

Гранттар ала алмай жатқан қыздарымыз өте көп. Бастаған бизнесін сәл дамыта алмай жатқан. Орталықтар аз бізде. Дәл қолөнершілерді қолдайтын орталықтар аз.

Форум аясында бұдан өзге де түйткілдер талқыланды. Мәселен, шеберлер ұлттық туындыларды сатылымға шығаруда жеңілдік жасалса дейді, ол үшін сауда орындарынан жалдау ақысыз орындар берілуін сұрайды.

Даниел Сержанұлы, «Қазақ туризм» ҰК басқарушы директоры:

Қолөнер туралы жеке заң жоқ. Ата-баба берген салт-дәстүрімізді бергі заманға дейін арқалап келе жатқан адамдар ғой. Статустарын бекітіп, көмек көрсету керек.

Бүгінгі жиын креативті индустрия өкілдеріне өздерін танытуға, идеяларды коммерцияландыруыға таптырмас алаң. Өйткені, шараға шетелдік қонақтар шақырылып, бірқатар компанияның қолдауымен өткізілді.

Кэролайн Сэвидж, Америка Құрама Штаттарының Алматыдағы бас консулы:

Шеберлердің көбі - әйел адамдар. Осындай форумдар оларға шығармашылығын шыңдауға, жаңа сауда орындарына шығып, бизнесін жүргізуге сеп болады. Қарапайым адамдардың, қыз-келіншектердің өміріне оң ықпал ету - біздің мақсат.

Атадан қалған мұраны сақтап, насихаттау - бүгінгі міндет. Сол себепті, он саусағынан бал тамған шеберлер осындай фестивальдер арқылы өзекті мәселелер шешімін табады деген үмітте.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу