Шымкентте мәдениет саласының 6 қызметкері сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте мәдениет саласының 6 қызметкері сотталды

13.10.2022

Шымкент қаласында мәдениет саласының 6 қызметкері аса ірі мөлшерде қазына қаржысын жымқырғаны және пара беруге әрекеттенгені үшін сотталды. Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы, «Түркістан» мәдениет сарайының бас есепшісі мен маманы кәсіпкермен алдын ала сөз байласып, 609 миллион 285 мың теңгені иеленіп кетпек болған. Олар жыл басында жоспарланған 60-қа тарта мәдени шараны өтпесе де, қағаз жүзінде ұйымдастырылды деп құжат рәсімдеген. Мұнымен қоймай өздері әшкере болатын болған соң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің лауазымды қызметкеріне пара ұсынуға тырысқан. Олардың бұл әрекеті сотта дәлелін тауып, кінәлілердің алды 8 жылға, соңы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Былтыр пандемия ушығып тұрған кезде Мәдениет үйінің Наурыз мерекесін тойлауға қазынадан 565 миллион теңге жұмсағаны қоғамда үлкен дау туғызған болатын.

Қабыл Дүйсенби, Шымкент қалалық сотының баспасөз хатшысы:

6 адамға айып тағылған. Бүгінгі күнге дейін олардан 12 миллион теңге өндірілген. Олар өз кінәсін мойындаған жоқ. Бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерде істеуге өмір бойы құқынан айыру туралы қосымша жаза тағайындалды. Олар алдағы уақытта мемлекеттік қызмет атқара алмайды.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу