Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде ұсынылған Бақыт Жаңабаев мемлекеттік тілді меңгерген. Лингвистикалық комиссия мүшелері оның емтиханнан сүрінбей өткенін мәлімдеді. Үміткер жазба тапсырмасында «Экология – бүгінгінің басты мәселесі» тақырыбын таңдаған. Жұмыста стилистикалық, грамматикалық, пунктуациялық бірнеше қате жіберген. Комиссия мұны «қанағаттанарлық» деп бағалады. Екінші ауызша оқу тапсырмасында Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» шығармасынан үзінді оқыған. Сонымен қатар, Бақыт Жаңабаев көпшілік алдында сөйлеу тапсырмасында «Бабалар аманаты» тақырыбын таңдапты. Емтихан қорытындысы бойынша Лингвистикалық комиссияның бір мүшесі қалыс қала отырып, үтімкердің мемлекеттік тілді меңгергендігі туралы басым дауыспен шешім қабылданды.
Анар Фазылжанова, Лингвистикалық комиссия мүшесі:
Қалыс қалуының себебі, сіз қойған сұраққа жазба жұмысының сапасына байланысты туындады. Әрине, жазба жұмыс жалпы алған кезде мәтіні сол тапсырмаға сәйкес талаптарды түгел орындаған. Яғни, ойын жеткізе алған, тақырыпты аша алған, тақырыпқа қатысты идеясын алдымен айтып, одан кейін неге олай болды деген сұраққа жауап іздеп, аргументтерін түгел жазба мәтін түрінде сөйлемдермен безендіріп берген. Алайда, емле қателері болды.
Асылбек Данияр