Маңғыстаудағы цемент зауыты жұмысшыларының 90 пайызы - ауыл жастары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстаудағы цемент зауыты жұмысшыларының 90 пайызы - ауыл жастары

12.10.2022

Маңғыстаудың Шетпе ауылындағы цемент зауыты жұмысшыларының 90 пайызы осы ауылдың жастары. Табысы тұрақты оған қоса, әлеуметтік көмек алады. Кәсіпорын 9 жыл бұрын индустриалды инновациялық даму бағдарламасы» аясында іске қосылған еді.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Цемент зауыты Маңғыстау ауданының Шетпе ауылының іргесінде орналасқан. Бұл әлем бойынша құрғақ әдіспен өндіру тәсілін енгізген бірден-бір алғашқы зауыттардың бірі. Сондай-ақ, бұл Қазақстанның Батыс өңірінде теңдесі жоқ зауыт. Мұнда 5 түрлі өнім шығарылады. Мұнымен Батыс аймақтарды 100 пайыз қамтып отыр.

Шетпе ауылының тұрғыны Есімхан Алтыбаев зауыттың алғашқы жұмысшыларының бірі. Оған дейін тұрақты табысы болмаған азамат, елді-мекен іргесінен өндіріс орны ашылғанда ойланбастан осында келді. Бастапқыда қара жұмыстан да тартынбаған ол қазір орталық басқару пультінің бас операторы.

Есімхан Алтыбаев, Орталық басқару пультінің бас операторы:

Алдыңызда көріп отырған біздің зауыттың орталық басқару орталығы. Бұл жер біздің зауыттың жүрегі десек болады. бұл жерде шикізаттан бастап, дайын өнімге дейінгі процестің бәрі сапалы түрде жүргізілуіне мен өзім қадағалап, осы жерде процесті қадағалап отырамын.

Зауытта 300-ден астам адам еңбек етеді. Оның басым бөлігі аудан тұрғындары. Сала мамандарымен қатар, көлік жүргізушілер, дәнекерлеушілер, механиктер мен электриктер нәпақасын тауып отыр.

Мұрат Бөлтеков, Цемент өндіру цехының басшысы:

Осы біздің ауданымызда тұрақты жұмыс істеп тұрған цемент шығаратын жалғыз завод.Сондықтан бұл біздің ауданның тұрғындары үшін үлкен жетістік. Осы жерде жұмыс істеп, өзінің бала-шағасын асырып, әр түрлі мамандықта жұмыс істеп жатқан осы ауданның тұрғындары. Табыстарын тұрақты тауып отыр.

Кәсіпорын заманауи қондырғылармен жабдықталған. Жылына 1 млн тоннаға дейін цемент өндіреді. Мұнай саласына арналған сульфатқа төзімді цемент те осында шығарылады. Өнім Батыс өңірден бөлек, шет мемлекеттерге де экспортталады. Осы уақытқа дейін 100 мың тонна өнімді сыртқа саудалаған.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу