Кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу бойынша заңға өзгеріс енгізуді сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу бойынша заңға өзгеріс енгізуді сұрайды

11.10.2022

Құрылыстағы ұзақ мерзімді жобаларды уақытылы бітіруге мемлекеттік сатып алудағы олқылықтар кедергі келтіреді. Мердігерлердің айтуынша, көп жағдайда заң талаптары сақталмайды. Салдарынан кәсіпкер де, мемлекет те зиян шегеді. 

Ел бойынша құрылысы аяқталмай, терезесі үңірейіп тұрған үй көп. Іргетасы уақытылы құйылғанымен, мерзімінен кешікпей қолданысқа берілген ғимарат аз. Бүгінде осындай 154 нысанның құрылысы тоқтап тұр. Оның ішінде 59 инфрақұрылымдық, 55 әлеуметтік жоба бар. Мамандар жұмыстың уақытылы бітпеуіне қағазбастылық пен жоспардың дұрыс жасалмауы себеп дейді.

Дархан Рахимов, «Атамекен» ҰКП құрылыс комитетінің мүшесі:

Қаржы қаңтардың басынан бастап есептелгенмен, мердігерлер ақшаны наурызда, тіпті маусымда, жарты жылдан кейін алып жатады. Қалған уақытта құрылыс қалай жүреді? Оның сапасы қандай болады? Үлгере ме? Осы жерден жемқорлыққа жол ашылады. Бұның бәрі бюджетті дұрыс жоспарламаудан.

Құрылысшылардың айтқанын мемлекеттік сатып алу саласының сарапшысы Ерік Елкеев те растады. Оның айтуынша кәсіпкердің іске ерте кірісуіне кедергі көп. Жұмыс дұрыс ұйымдастырылмаса түрлі мекеменің табалдырығын тоздырып жүруге мәжбүр болады. Сонымен қатар, қаржының дұрыс бөлінбеуі де құрылысты тежейді.

Ерік Елкеев, Мемлекеттік сатып алу саласының сарапшысы:

Ақша жоқ па? Бекітілмесін онда. Ал бізде ақша жоқ та, бектіліп қояды да, сатып алу жасалып қояды, өнім беруші жұмыстарын бастап қояды. Ал тапсырыс берушілерге мысалы ақша берілмейді. Сондықтан, ол әрине дұрыс емес үрдіс.

Бюджет кодексінің 157 бабына сәйкес, қаржыландыру уақыты жобалық-сметалық құжатта көрсетілген мерзімге сай болуы керек.

Бірақ көпжылдық жобаларға келгенде бұл норма сақтала бермейді. Кесірінен сақалды құрылыстар саны жыл өткен сайын көбейіп келеді.

Аягөз Бекенова, ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің баспасөз хатшысы:

Құрылыстың тоқтап қалуына қаржының жетіспеушілігі мен уақытылы бөлінбеуі себеп. Осындай жүйелі проблеманы шешу үшін кейбір нормативтік актілерге өзгеріс енгізуді ұсындық. Қазіргі таңда бітпей қалған нысандардың әрқайсы бойынша жеке жол картасын дайындап, қолданысқа беру жолдарын қарастырып жатырмыз.

Осы мәселе бойынша қаржы министрлігіне бірнеше ұсыныс жіберілген. Олардың ішінде жоба қаржымен қамтамасыз етілген соң ғана байқау жариялау, қаржысыз қалған жобалары болса жаңа тендер өткізуге тыйым салу сияқты бастамалар бар. Бірақ, қаржы министрлігінің бұл мәселеге көзқарасы басқаша.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:

Құрылыстың аяғы қазан немесе қыркүйек айында болса, сол кезге тартып, сол ақшаны тиімді пайдалану керек. Мысалы біз оны үкіметтің айналымынан ол ақшаны алып қойып, ұстап отыру ғой. Ол деген дұрыс емес қой. Оны басқа салаға, мысалы тиімді жобаларға жіберуге болады.

Қаржы министрлігіндегі мамандардың пікірінше, мемлекеттік сатып алудағы кедергілер жергілікті атқарушы органдардың бюджетті дұрыс жоспарламай, заң талаптарын сақтамағаннан шығады.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу