Қарағанды облысында өндіріс ошақтарында еңбек қауіпсіздігін нығайту өзекті мәселе - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында өндіріс ошақтарында еңбек қауіпсіздігін нығайту өзекті мәселе

10.10.2022

Қарағанды облысында өндіріс ошақтарында еңбек қауіпсіздігін нығайту кезек күттірмейтін мәселе. Сондай-ақ, олардың экологияға әкелетін зардабын да азайту қажет. Мемлекет басшысы өңірге сапары кезінде нақты тапсырмалар берген болатын. Сондай-ақ, облыс аумағындағы жолдарды да жөндеу, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту, жастарды еңбекке баулудың қажеттігін айтты.

Алексей Берг металлургиялық комбинатта 30 жылдан астам еңбек етіп келеді. Оның ұжымы жақында жаңа рекорд орнатып, миллион тонна өнім алды. Денсаулыққа зияны орасан болса да, ел экономикасын еселей үлес қосқан азаматтар ендігі жерде еңбек қауіпсіздігі жақсарса дейді. Заманауи технологияларды енгізіп, жұмыс жағдайын жеңілдететін уақыт келді деп есептейді.

Алексей Берг, металлург:

Жұмысшыларға арналған түрлі әлеуметтік бағдарламаларды енгізсе. Өңірге сапары барысында Прзидент қарапайым еңбек адамдарының жағдайын жақсартуға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Бұл біздің мерейімізді асырып, қанаттандырып қойды. Әрине жұмысымыз ауыр. Біраз қайғылы жағдайлардың да куәсі болдық. Қазіргі заманда ондай болмауы керек қой.

Экологиялық ахуал - өткір тұрған мәселе. Теміртауды көк түтінмен жапқан металлургиялық комбинаттың тозығы жеткен кокос батареяларын ауыстыруға 360 миллион доллар қаражат жұмсалмақ. Алдағы 5 жылда құрышты қаланың аспанынан қара бұлт сейілуі керек.

Өңірдің туристік әлеуетін көтеру үшін жол сапасын арттыру маңызды. Өңір аумағынан өтетін Орталық – Оңтүстік көлік дәлізінің құрылысы өте баяу. «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» автобанын келесі жылы салып бітіруі тиіс. Сондай-ақ, «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеу алдағы 2 жылда аяқталуы қажет. Ой-шұңқыры шыққан жолдын зардабын тұрғындар тартып-ақ келеді.

Сұлтанғазы Сүлейменов, көлік жүргізуші:

Апат та көп, кісі де өліп жатыр. Былайша айтқанда туристік жер ғой. Табиғаты, көретін жрелері көп. Енді сондай жерге дұрыс жол салып беруге болады ғой. Бұл қаншама ақшадан айырылып жатыр қазір Қарқаралы.

Әділжан Арғынов, Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары:

Биыл 197-207 шақырымдар аралығындағы 10 шақырымды жөндеуге 602 миллион теңге қаражат жұмсалды. Енді келесі жылы тағы 74 шақырымын, яғни Матақ ауылына дейінгі жерге дейін шамамен 5 млрд теңге қаражат қажет. Әзірге қаражат бекітілмеді. Бірақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жұмыстар, тиісті құжаттар дайындалуда.

Облыстағы 176 ауылда ауыз су жоқ. Биыл 37 елді мекенге таза су беріледі.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Алдағы үш жылда өңірде білім, спорт нысандарын көптеп салуға да басымдылық беріледі. Осы уақыт аралығында 28 мыңнан аса балаға арналған жаңа мектептерді салу жоспарланған. Президент тапсырмасына сәйкес, өңірде ауыл шаруашылығына қатысты да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, ел көлемінде игерілмей бос жатқан 4,2 миллион гектардан астам жайылымдық жер қайтарылса, соның 1,1 миллион гектары Қарағанды облысына тиесілі. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жағасын табады.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу