Қарағандылық 70 жастағы қария спортты жанына серік етіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандылық 70 жастағы қария спортты жанына серік етіп келеді

08.10.2022

Қарағандылық 70 жастағы қария әлі күнге спортты жанына серік етіп келеді. Зейнолла Дәрібайұлы қаладағы білім ошақтарының бірінде тұрақты түрде жаттығып, жастармен волейбол ойнауды әдетке айналдырған. Ақсақалдың осындай кезекті бір жаттығу сәтін ұстаздар әлеуметтік желіге жариялап, бірер күнде көпке танымал болып шыға келді.

Зейнолла ақсақалдың баласы қаладағы Білім инновация лицейінде оқиды. Осыдан үш жыл бұрын кезекті бір шараға қатысуға келіп, волейбол ойнап жүрген оқушыларға қызығып, ортаға қойып кетеді. Міне содан бері қария мұндағы барша жастарға жігер беріп, спортқа құлшынысын арттырып жүрген жайы бар.

Зейнолла Дәрібайұлы, қарт спортшы:

Әр уақытта қозғалыста жүрсең ол денсаулыққа серік. Сондықтан осы жүгіріп, секіріп шұғылданып жүремін. Балаларыма өнеге болсын деп, өсіп келе жатқан немерелерім көрсін деп. Шаршадым, жасым келді деп отыра берсең онда тіптен әлсізденіп қаласың. Қайта осы күш-қуат береді.

Жетпісінде желдей ұшып, допты құлаштай ұрған ақсақал жас кезінде де спортқа үйір болыпты. Тіпті 70-і жылдардың ортасында бокспен басыбайлы айналысып, айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Өзі 20 жыл мектепте суреттен сабақ берсе, кейін темір жол саласында ұзақ жыл еңбек еткен. Салауатты өмір салтын бек ұстанып жүр.

Марғұлан Сұлтанғали, Білім-инновация лицейінің оқушысы:

Бұл біз үшін әрине мотивация. 70 жастағы атамыздың осындай көрсеткіш көрсетіп жатқанына барлық оқушылар тәнті болудамыз. Біз ғана емес әлеуметтік желі арқылы барлығы таңқалуда. Физикалық қозғалыстың қандай маңызды екенін бізге үлгі ретінде көрсетіп жүр.

Жақында лицейде өткен «Әке жолы – ізгі жол» апталығында да ақсақал белсенділік танытқан. Спорттық ойындар сайысы барысында түсірілген мына бейнежазбаны ұстаздар қауымы, әлеуметтік желіге салған.

Исламбек Арыстанбеков, Білім-инновация лицейі директорының орынбасары:

Инстаграмм әлеуметтік желісіне салдым, содан астаналық бір әріптесім сұрап, өзіне пост қылып жариялаған екен. Енді аз уақыттың ішінде атамыздың видеосы 1 миллионннан астам қаралым жинап, атамыз жұлдыз болып шыға келді. Ата-аналармен біздің лицейіміз тығыз байланыста. Әр сәрсенбі күні волейбол ұйымдастырылып жатады. Содан атамыз мүлде қалмайды.

Зейнолла ақсақал жұбайы екеуі үш бала тәрбиелеп-өсірген. Барлығы да спортпен шұғылданады. Өзінің балалары ғана емес, барша жас ұрпақтың шыныққан шымыр, өр рухты болып өскенін қалайды. Өмірі- өнеге, ақылы-дария, әңгімесі әдемі қария.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу