Жасөспірімдер арасында жыныстық жолмен таралатын инфекциялық ауру көбейді. Репродуктолог дәрігерлер осылай деп дабыл қағуда. Әлеуметтік зерттеуге сәйкес, жастардың 29 пайызы алғашқы жыныстық қатынысқа 15-19 жас аралығында түседі екен. Бұл тақырып бүгін елордада өткен қазақстандықтардың репродуктивті әлеуеті жайында конференцияда айтылды. Мамандар жастар денсаулығын бақылауға алып, ювеналды медицинаны дамыту керек дейді.
Жасөспірімдер ерте жақындасуға әуес. Десе де мұның салдары қатты. Ер балалар арасында жыныстық жолмен таралатын ауру көбейген. Простатит, эндеметриоз дерті дендеп барады. Ойнап жүріп от басып, жүкі болып қалған бойжеткендер аз емес. Қазақстандағы әр алтыншы жүктілік түсік жасаумен аяқталады.
Салтанат Байқошқарова, репродуктолог:
Репродуктивті денсаулық төмен. Әрбір үшінші ер бала жыныстық қатынасқа түседі. Екіқабат болады, аборт жасатады, гормондық дәрілер ішеді. Қабыну процесі болады. Инфекциялар болады. Қаншама антибиотик дәрілер ішеді. Болашақта сапалы ұрық қалмайды.
Репродуктолог мамандар 10 мен 20 жас аралығындағы жасөспірімдердің денсаулығына алаңдап отыр. Өйткені, жыныстық қатынасқа ерте түсетін жастар қатарында бесіктен белі шықпаған оқушылар бар.
Айгерім Дощанова, Қазақстан халқының репродуктивті әлеуеті республикалық альянсының президенті:
Әлеуметтік зерттеуге сәйкес, 15-19 жастағы жасөспірімдердің 29 пайызы жыныстық қатынасқа түседі. Олардың 43 пайызында жыныстық жолмен таралатын инфекциялық ауру симптомдары анықталған. Ал қыздардың 45 пайызы түсік жасатады.Мұның соңы үлкен қауіп. Тіпті ерте жүктілік - өлім факторларына да әкеледі. Ең сорақысы 11-15 жастағы оқушылар арасындағы сауалнама нәтижесінде олардың 7 пайызы жыныстық қатынасқа түсіп көргенін айтқан.
Салдарынан белсіздік пен бедеулік белең алып барады. Елімізде отау құрған ерлі-зайыптылардың 15 пайызы сәби сүйе алмай жүр. Ал бойына бала біткен аналардың да қорқынышы басым. Өйткені, жыныстық жолмен таралған түрлі инфекция жатырға біткен ұрықтың да дамуын тежейді.
Раушан Сайлауқызы