Петропавлда 95 млн теңгеге жөнделген үйден су ағып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда 95 млн теңгеге жөнделген үйден су ағып жатыр

06.10.2022

Петропавлда 95 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткен көпқабатты үйдің құбырларынан су ағып жатыр. Нысанның салынғанына 60 жылдан асқан. Әбден тозығы жеткен үйге «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жаңғырту жұмыстары жасалған. Көпқабатты баспанада 400 отбасы тұрып жатыр.

Леонид Власов, қала тұрғыны:

Бағдарлама бойынша 15 жылға несие рәсімделген. Біз жұмсалған қаржының барлығын қайтарамыз. Тұрғындардың жөндеу жұмыстарына көңіліміз толмайды. Мердігер олқылықтарды жойсын. Жаз бойы құрылысшылар емес, студенттер жұмыс істегендіктен сапа жоқ.

Былтырдан бері Петропавлда көппәтерлі үйлерді жөндеуге республикалық бюджеттен 980 млн теңге бөлінді. Бұл сомаға 18 нысан қалыпқа келтірілді. Солардың бірі - Гоголь көшесіндегі 36-үй. Тұрғындардың айтуынша жөндеу жұмыстары 7 ай бойы жүргізілген. Ал қазір жаңбыр жауса төбеден су ағады. Келісім шарт бойынша екі үйдің де жөндеу жұмыстарына 2 жылға кепілдік бар.

Анатолий Орлов, мердігер компания өкілі:

Сатып алынған крандардың барлығы жарамсыз болып шықты. Құбырларды ауыстырып, қайта іске қосқанда су аға бастады. Бұл біздің емес, өндірушінің кінәсі. Оның барлығын тез арада ауыстырамыз.

Элмира Каленова


Хабарламаларға жазылу