Көкшетау тұрғынына бейбіт митинг өткізуге рұқсат бермеген қалалық әкімдіктің шешімі заңсыз деп танылды. Ақмола облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты осындай үкім шығарды. Динара Иманжанова бейбіт митинг өткізу туралы ескерту хатын 13-шілдеде қалалық әкімдікке жолдаған. 11 ай тергеу изоляторында отырған күйеуіне қолдау көрсету мақсатында туыстары мен жақындары қатыспақ болғаны анықталды. Алайда әкімдік митинг өткізетін орын бос емес деп рұқсат бермеген. Шағымданушы кейін де бірнеше рет рұқсат алуға тырысқанымен нәтиже болмаған.
Нұрлан Нұрәлиев, Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы:
Әкімшілік рәсімде процес кодекстерінің қағидалары бұзылған. Себептері ашып көрсетілмегендіктен бейбіт митинг өткізуден бас тарту негізсіз. Сондықтан 15-шілдедегі әкімдік жауабы заңсыз деп танылды. Енді сол хабарлама қайта оралып, бейбіт митинг өткізу орны мен уақытын қарастыру керек.
Ермек Елберген