Қостанай облысында құзырлы орындар өртенген орманды қалпына келтіруге қамданып жатыр. Бірінші кезекте күйген ағаштар кесіліп, орны тазартылады. Ол үшін алдымен оталатын орманның ауқымы құжат жүзінде белгіленіп бекітілуі тиіс. Атқарылатын жұмысты жоспарлап, заңдастыру бір апта көлемінде аяқталады. Алдымен Аманқарағай ауылын басып өтетін халықаралық тас жолдың бойындағы өртенген ағаштар оталып, орнына 50 мың дана көшет егілмек. Бұл жұмыс қазан айының соңына дейін аяқталады. Облыста жас шыбықтар өсіретін 10 тәлімбақ бар. Олардың жалпы аумағы 326 гектарға жуықтайды. Мамандар қазіргі жағдайға байланысты осындай ағаш тұқымын өсіретін орындарды көбейту керектігін айтады. Биыл қыркүйектегі алапат өрт 43 мың гектар орман алқабын жалмағаны мәлім.
Димаш Қожабеков, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
Демеушілердің көмегімен Озерный ауылының жанынан жас көшеттер өсіретін жабық тәлімбақ салу жоспарда бар. Аумағы 23, 6 гектар. Сонымен қатар Басаман орман шаруашылығының базасында жылыжай салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл аумақтар қажетті инфрақұрылыммен қамтылған. Егер жоба мақұлданса қосымша қаржыландыру қажет болады.
Дәуренбек Әбдібек