Тұңғыш рет ұйымдастырылған жарыста маңғыстаулық «Көкмойнақ» командасы бірінші орынды иеленді. 12 күнге созылған республикалық марафон-бәйгеге барлық аймақтан 19 команда қатысты. Олар Елордадан Түркістанға дейінгі 1200 шақырымды бағындыруы керек болған. Жазық даланы, бетпақтың шөлін, өзен-көл мен табиғи кедергілерге шыдамай көбі жарыстан шығып қалды. Бірақ, «Көкмойнақ» командасы бар қиындықты жеңіп мәреге алғашқы болып жетті. Нәтижесінде 24 млн теңге көлеміндегі бас жүлдені алды. «Ұлы Дала Жорығы» – әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ республикалық ат спорты марафоны. Қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртатын, рухын оятатын, еліміздің тарихын зерделеп, жаңа туристік маршруттар қалыптастыратын тың жоба.
Үсенбай Қалдаманов, «Көкмойнақ» командасының жетекшісі:
Қазақ жігіттерінің тектілігін, тұлпарлардың мықтылығын әлемге таныту. Осы бағытта біз Маңғыстаудың жігіттері, азаматтар барғаны Адай тұқымдас жылқымызбен бардық. Жалпы республика бойынша, 190 сәйгүлік жарыс алаңына түсті. Бұл жарыстың қиындығы - 190 сәйгүліктен 13 сәйгүлік мәреден өте білді.
Аягөз Оралбайқызы