Қарағанды қаласында жаңа жылу магистралі салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды қаласында жаңа жылу магистралі салынады

05.10.2022

Қарағанды қаласында жаңа жылу магистралі салынады. Бұдан бөлек, облыс аумағындағы сын көтермейтін жолдар қысқа мерзімде жөнделеді. Экология мәселесі де шұғыл реттелуі керек. Бүгін Мемлекет басшысы Қарағанды облысына барып, жұртшылықпен жүздесті. Онда тағы қандай мәселелер көтерілді?

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Қарағандының ең үлкен мәселесі шешіледі. Шаһарда жылу тапшы. Инженерлік коммуникациялардың дені тозған. Салдарынан, жаңа үйлерді салуды тежеп отыр. Мемлекет басшысы осы мәселені шұғыл шешуді тапсырды. Қалада сақалды құрылыс та жетеді. Тұрып қалған нысандарды тездетіп аяқтау керек. Облыста жол мәселесі де өзекті. Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі Балқаш қаласы арқылы өтеді. Бірақ, жолдың құрылысы өте баяу. Мемлекет басшысы мерзімнің қайта-қайта кейінге шегерілуін сынға алды. Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырды.

«Қарағанды – Жезқазған» күре жолы да жылдар бойы жөндеу көрмеген. Бұл барыс-келісті қиындатып отыр. Әрі жаңадан құрылған Ұлытау облысын дамытуға кедергі. Тоқаев жолды жөндеуді келер жылдан қалдырмай бастауды жүктеді. Сонымен қатар, моноқалаларды дамыту, туризм саласын жандандыру, өнеркәсіпті өркендету сынды салаларға екпін беріп, Үкімет пен облыс басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді. Ол жайында қорытынды жаңалықта баяндайтын боламын.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу