Петропавлда мемлекетік бағдарлама бойынша салынған үйлерде екі жылдан бері ыстық су жоқ. Ол аз болғандай, бірнеше күннен бері жарықта өшті. Электр қуаты болмаған соң, көпқабатты үйге жылу берілмеген. Күздің қара суығында бүрсең қаққан тұрғындардың дені амалсыз баспаналарын тастап, көшіп кеткен.
Амангелді Сейтенов 16-шы қабатта тұрады. Зейнеткерге далаға шығу мұң. Үш күннен бері суды сырттан тасып ішуге мәжбүр. Өйткені электр қуатынсыз сорғы істемейді.
Амангелді Сейтенов, қала тұрғыны:
Свет жоқ. Судың түрі мынау, мінеки. Ақпайды. Свет сөнді ме, су да тоқтайды, лифт та тоқтайды. Свет те сөнеді. Қараң қаламыз. 5 күн болды міне, қорлық көріп жатқалы. Жарты үй көшіп кетті, туыстарына. Мен де жібердім. Жалғыз үйдемін қазір.
Тұрғындардың айтуынша соңғы аптада жарық күнара өшіп, әбден титықтатқан. Ал 3 күннен бері мүлдем жоқ. Салдарынан тоңазытқыштағы азық-түліктің барлығы бүлініп кеткен.
Петропавлда жаңадан бой көтеріп келе жатқан «Жас өркен» ауданында қосалқы электр станциясы салынып жатыр. Жоспарға сай ол 2 жыл бұрын тапсырылуы тиіс еді. Алайда құрылыс жұмыстары созылып кетті. Соның кесірінен аудандағы нысандардың барлығы уақытша трансформаторға қосылған.
Әсем Айтолла, Қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:
Тұрғындары жылу құралдарын қолданған кесірінен электр қуаты шыдамай, жарық өшіп қалған болатын. Жұмысшылары аварияны жөндеп жатыр. 1-2 күнде осы мәселе шешілуі керек. Жарықта болады және жылу да болады.
Мәселесі көптен бері шешілмей келе жатқан екі баспана да мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған. 400 отбасы тұрады. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, тұрғындар мүлік иелерінің бірлестігін құруы тиіс. Тек содан кейін ғана жылу таратушы компания ыстық су береді. Ал, жалпы Петропавлда жылыту маусымы басталғалы 10 күннен асты. Нысандардың 99 пайызы жылумен қамтылған.
Эльмира Кәленова