Алматы экологтары жерді оңды-солды қазғандардың әрекетіне наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы экологтары жерді оңды-солды қазғандардың әрекетіне наразы

04.10.2022

Алматы экологтары жерді оңды-солды қазып, құнарлы топырақ тасушылардың әрекетіне наразы. Жер қыртысы бұлай аршыла берсе табиғат апатына әкелуі мүмкін дейді. Себебі, су жерге сіңіп, тау көшкіні жүру қаупі бар дейді. Заңды елемей жүргендер кімдер?

Табиғат жанашыры Тимур Елеусізов мегаполис маңында жерді оңды-солды қазу фактісі азаймай тұрғанын айтады. Құзырлы органдарға мәселені бірнеше мәрте айттық, хат жаздық, алайда еш нәтиже жоқ. Мәселен, Кеңсайдағы алма бақ жермен жексен болды. Қалтаның қамын ойлағандар енді топырағын тасуға көшті дейді.

Тимур Елеусізов, эколог:

Бұл бетімен кеткен адамдарды жауапқа тартып, тоқтапаса болмайды. Мен бұл мәселені 4 жылдан бері айтып келемін. Мысалы, қазір Кеңсай аумағында көрінген жерді қазып, ойларына келгенін істеп жатыр. Мейлі ол жекеменшік, мейлі мемлекеттің меншігі болсын заң аясында жазалануы тиіс. Әйтпесе, жауған жаңбыр, еріген қар суы жерге сіңіп, бұл тау көшкініне әкелуі әбден мүмкін.

Белсендінің айтуынша, заңсыз тасушылар құнарлы топырақты үйінің ауласына төсеуге және абаттандыру жұмыстарына пайдаланады.

Экологтар бұған дейін табиғатқа зиян келтірушілердің әрекетін бірнеше рет видеоға түсіріп, құзырлы органдарға жолдаған.

Қуан Нұрақын, тілші:

Міне, біз қазір ғана заңсыз топырақ қазып жатқандардың үстінен түстік. Біздің түсірілім тобын көріп, кілт тоқтап, бірінен соң бірі қайтып жатыр.

Аталған мекен-жайға бірер минутта Медеу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері келді. Трактор мен жүк көлігінің жүргізушісін бөлімге алып кетті. Қалалық полиция олардың қандай жазаға тартылатыны тергеуден кейін анықталатынын айтты. Экологтар тегін топырақты тасып, ағашты күрегендер ұсталғанымен бақтың қайта қалыпқа келуі үшін жарты ғасыр уақыт қажет дейді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу