Сыр өңірінде Роза Бағланова атындағы мемлекеттік Қазақконцерт ұжымының гастрольдік сапары өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінде Роза Бағланова атындағы мемлекеттік Қазақконцерт ұжымының гастрольдік сапары өтуде

03.10.2022

Сыр өңірінде Роза Бағланова атындағы мемлекеттік Қазақконцерт ұжымының гастрольдік сапары өтуде. Биыл ән падишасының 100 жылдық мерейтойына арналған өнер кеші Қызылорда қаласынан бастау алды.

Саналы ғұмырын өнерге арнаған Роза Бағланова қазаққа ғана емес, бұрынғы одақтас елдерге де ортақ тұлға. Сырда туған жезтаңдай әнші кезінде алыс-жақын шет мемлекеттерде өнер көрсетіп, талайды тәнті етті. Сондықтан, ән падишасының ғасырлық мерейтойы биыл елімізде ғана емес «ЮНЕСКО» ұйымы аясында халықаралық деңгейде тойлануда. Өзі өнер көрсетіп, бүгінде есімі берілген «Қазақконцерт» ұжымы ел ішін аралап, бір кездері қазақтың бұлбұлы құйқылжыта орындаған әндерді қайта жаңғыртып жүр.

Бағдат Сәмединова, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі:

Іс-сапардың ең негізгі маңызы осы апамыздың 100 жылдығын елге насихаттап, елдің есіне түсіру. Себебі ол ұмытылмас, қайталанбас дауыстардың бірі. Сондықтан, ол кісіні ұмыту мүмкін емес. Өнерді осылай дәріптеп, құрметтегені ол біздің болашақ ұрпаққа үлгі.

«Қазақ деген халықтың еркесімін» атты ән кешінде Роза Бағланова туралы естеліктер айтылып, көзін көргендер өнері мен өнегелі өмірін дәріптеді. Концертте халықтың сүйікті әншілері Мақпал Жүнісова, Бағдад Сәмединова, Құрмаш Махан секілді қазақ эстрадасының жұлдыздары ән шырқады. Тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Айдана Сұлтанханқызы, қала тұрғыны:

Қазақтың өнер саласының көптеген әншілері келіп, өздерінің өнерлерін паш етіп жатыр. Біз содан сусындап, керемет көңіл-күй алып жатырмыз. Көптен-көп рақмет, алғысым шексіз.

«Қазақконцерт» ұжымының гастрольдік сапары әрі қарай Қармақшы, Қазалы, Арал аудандары мен Байқоңыр қаласында да жалғасын тауып, өнер сүйер қауымға қуаныш сыйламақ.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу