Бүгін қарт Торғайда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған дүбірлі той өтті. Бұл ұлт болып кемеңгер ұстазды ұлықтаудың басы да соңы да емес. Жыл бойы ұлы тұлғаның есімін дәріптейтін шаралар ЮНЕСКО шеңберінде атқарылды. Ат тұяғын тоздырған экспедициялар, ғалымдар ой оздырған конференциялар өтті. Мақсат біреу - Ахмет ғұламаның еңбектеріне үңілу, үлгі ету. Кемеңгердің кіндік қаны тамған Сарытүбекте мұражай үйі жаңадан салынды, кесене бой көтерді. Бүгінгі той осы жұмыстардың қортындысы.
Ұлттың ұлы тұлғасын ұлықтауға арналған мерекелік шара Жангелдин ауданының орталығы Торғайдан бастау алды. Мұнда биыл Ахмет пен Міржақып мұражайы 170 млн теңгеге бастан-аяқ жөнделіп, іші-сырты жаңарды. Оған қоса демеушілер қосылып тұрғызған қос арыстың, қос алыптың ескерткіші де ашылды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Ескерткіштің А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлына арналуының тағы бір себебі, екі қайраткердің де осы өңірдің тумасы болуында жатыр. Жалпы, Торғай өңірі Ахмет пен Міржақыптай талай арыстар шыққан қастерлі мекен. Бұл өлкенің ұлтымыз үшін орны бөлек.
Ауқымды іс-шара Ахмет Байтұрсынұлы ауылында жалғасты. Ахаңның атақонысы Сарытүбектегі бұл қорымда әкесі Байтұрсын мен ағасы Қали, басқа да туыстары жерленген. Ұлт ұстазына халық боп қаржы жиып, ақ мәрмәрдан кесене салды. Ал кіндік қаны тамған мұражай үйі жергілікті бюджет есебінен жаңарды. Жиылған жұрт осы жерде аруақтарға тәу етіп, мұражай үйді тамашалады.
Нариман Айтбаев, Жангелдин ауданының тұрғыны:
Торғай топырағы осы тойды асыға күтті. Өйткені, бұл кісіден алатын тағылым үлкен, маңызды. Қаншама ғалымдар келіп, конференция ұйымдастырды. Ахметті басқа да қырынан танытып жатыр. Бұл келер ұрпаққа мол өнеге деп білеміз.
Торғайға кіреберісте Ахмет Байтұрсынұлы көшесі көзге шалынады. Бұрылысқа орнатылған баннерде Ұлы тұлғаның өлмес шығармаларының бір шумағы жазылған. Оқығанға ой салып, туған өлкесінде Ахаңның рухымен қауышқандай сезімге бөлейді. Торғайдағы той алаштанушы, ахметтанушылардың, жалпы зиялылардың басын қосты. Ғылыми конференция өтіп, Ахаңның ғұмыры мен қызметі жайлы тың деректер айтылды.
Ғарифолла Әнес, Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялылары мұрасын зерттеу қорының директоры:
Ахаң бір кезде қазақ мектебін ашуға,қазақтың тілін түрлендіруге, қазақтың ұлттық жазуын қалыптастыруда ағартушылық қызметпен үлкен еңбек сіңірсе, бүгінгі күрделі заманда да халқына қызмет істеп жатыр. Ахаңның армандары өзі ойлағаннан да асып орындалып кетті.
Қазақ тойының сәнін кіргізетін балуан күресі мен бәйге. Еліміздің әр өңірінен келген бура сан, білекті жігіттер боз кілемде бақ сынасып, сар даланы желдей жүйрік арғымақтардың тұяғы дүбірлетті. Топтан озған жеңімпаздарға автокөліктен бастап, қомақты қаржылай жүлде берілді. Ахмет мұрасы, Ахмет болмысы – қалың қазақ үшін сарқылмас қазына, ұлт пен елдіктің нәр алатын тамыры, мызғымайтын іргетас, қалғытпайтын мазасыз - маса!
Дәуренбек Әбдібек