Түркістан облысында газ саласының үздіктері анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында газ саласының үздіктері анықталды

30.09.2022

«Интергаз Орталық Азия» компаниясы жылдағы дәстүр бойынша өз жұмысшылары арасында үздіктерін анықтады. Байқаудың Түркістан облысында өткен финалдық кезеңіне 105 маман қатысып, кәсіби шеберлігін көрсетті. Олардың барлығы – өңірлерде өткізілген алғашқы кезеңдегі жарыста топ жарып шыққан үздіктер.

Газ – экономикамыздың қозғаушы күші. Сондықтан оның кадрлық әлеуетін арттыру аса қажет. Осы мақсатта ұйымдастырылатын байқау биыл 22-ші рет өткізілді. Қатысушылар 15 конкурстық мамандық бойынша практикалық тапсырмалар орындады. Өндірістік алаңда білігі мен тәжірибесін көрсетті. Сынақтар мейілінше шынайы ситуацияларға негізделген. Сарапшылар олардың тапсырманы орындауға жұмсаған уақыты, жұмыстың сапасы, қауіпсіздік шараларын сақтауы, сондай-ақ жарақат алғандарға дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету дағдыларын бағалады.

Ерқанат Темірханов, Газ саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы:

Технология бір орында тұрмайды ғой. Жаңа технология, инновация пайда болады. Соның бәрін осында әкеліп көрсетіп жатырмыз. Ең бізге керегі – жұмыскерлердің дайындығы қалай екенін, қандай мамандар керек, қандай жаңа технология алу керектігін анықтау. Былайша айтқанда өзімізге емтихан бұл.

Газ саласында негізгі қолданылатын бұйым – темір құбыр. Сондықтан да газ және электрмен дәнекерлеуші мамандардың тәжірибесін үздіксіз арттыру – басты талап. Биылғы байқауда жұмысшылар алғаш рет аргонмен дәнекерлеу машықтарын танытты. Екі жыл қатарынан осы байқауға қатысқан батыс қазақстандық Марс Ержанов бұл жолы үздік атанды.

Марс Ержанов, Газ және электрмен дәнекерлеуші, байқау жеңімпазы:

2021 жылы қатысқанда 2-ші орын алдым. Сонда 1-ші орынды алғым келген. Биыл дұрыстап дайындалып, бірінші орын алуға тырыстым. Былтыр тек 3 дәнекерлеуші қатысқан, биыл 9 қатысты. Бәсекелестік жоғары болды.

Үш күнге созылған байқау қорытындысы бойынша кәсіби шеберлігін танытқан 45 маман жүлдегер атанды. Жеңімпаздарға арнайы сыйлық берілді. Сондай-ақ, жоғары кәсіби шеберліктері үшін олардың жыл бойындағы жалақыларына үстемеақы қосылды.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу