Жетісу облысында жаңа білім нысандары салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында жаңа білім нысандары салынады

30.09.2022

Жетісу облысында үш ауысымдық және апатты мектептер жоқ. Десе де Президент Жолдауындағы тапсырмаларға сәйкес «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынып жатыр. Білім ошақтарының қай аудан мен қалада бой көтеретіні нақтылану үстінде. Бірақ қазірдің өзінде облыс орталығы Талдықорғанда екі үлкен мектептің құрылысы жүріп жатыр.

8-ші ықшам ауданда салынып жатқан бұл мектеп – 1200 орындық. 3 гектар аумақта бой көтерген ғимаратта оқушылар мен ұстаздарға барлық жағдай жасалады деп жоспарланған. Білім шаңырағы заманауи жабдықтармен қамтылады. Құрылысқа 170 адам тартылған. Тапсырыс берушілер өткен жылдың тамыз айында басталған жұмыстардың қарқынды жүріп жатқанын айтады.

Айбек Нұржанов, Жетісу облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:
Келісімшарт бойынша келесі жылы шілде айында өту керек болған. Бірақ мердігер ұйымның жақсы ұйымдасқан жұмыстарының арқасында осы ағымдағы жылы, 2022 жылы желтоқсан айында өткізіп беруге жоспарлап отыр.

Соңғы 3-4 жылда қалада бірнеше шағын аудан мен коттеджді қалашық бой көтерді. Халық саны да жылдам өсіп келеді. Яғни жаңа білім беру мекемелеріне сұраныс артып отыр.

Облыс орталығындағы тағы бір білім шаңырағы Ынтымақ ықшам ауданында салынып жатыр. Бұл мектеп 1200 оқушыға арналған. Қазіргі таңда жұмыстардың үштен бір бөлігі аяқталды. Ал құрылысшылар нысанды келер жылдың көктемінде тапсырамыз деп отыр.

 Жоспарға сәйкес 12 мектептің құрылысы жүріп жатыр. «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынып, жаңа білім шаңырақтарының саны да еселеп арта түспек.

Әлішер Башаров, Жетісу облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
Президент тапсырмасын орындау негізінде 2023 жылдан бастап, жайлы мектептерді құруды жоспарлап отырмыз. Шамамен 6-7 мектеп салынады.

Қазір құзырлы органдар «Жайлы мектеп» жобасымен білім ұялары салынатын елді-мекендерді анықтап, жер теліміндерін белгілеп, инфроқұрылымын реттеу жұмыстарын пысықтап жатыр.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу