Ресейден Қазақстанға өте алмай тұрған ел азаматтарына «жасыл дәліз» ашылады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты. Соңғы күндері ресейліктердің біздің елге қарай ағылуы салдарынан, Қазақстан азаматтары шекарада кідіріп қалды. Сондықтан оларға көмек көрсетіледі, - деді министр. Үкімет басшысының орынбасары Қазақстанға келіп жатқан ресейліктердің көбі транзит арқылы басқа елдерге кетіп жатқанын да айтты. Жағдайға байланысты қандай да бір дүрбелең туғызуға негіз жоқ деді ол.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - сауда және интеграция министрі:
Кеше Ресей Үкімет басшысының орынбасарымен сөйлестім. Шекарадан елге өте алмай тұрған Қазақстан азаматтары бар. Осы орайда азық-түлік тиелген көліктерге қатысты Ресей жағымен уағдаластық жасалды. Бұл мәселе бойынша тиісті тәртіп енгізіледі. Бүгін екі елдің шекара қызметтері өзара келісіп, тиісті жұмыстар жасалады. Біздің азаматтар мен азық-түлік тиелген көліктер үшін «жасыл дәліз» ашуға тырысамыз. Бұл жерде ешқандай проблема жоқ.