Маңғыстауда мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға талап күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға талап күшейді

28.09.2022

Мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға талап күшейді. Мектепке дейінгі ұйымдар бұдан былай балаларға қолайлы және қауіпсіз жағдай жасауға міндетті. Талаптар орындалмаса, мемлекеттік білім беру бойынша тапсырыс ала алмайды.

Мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшалар енді өртке және терроризмге қарсы қауіпсіздікті күшейтіп, дабыл түймесі мен ішкі дыбыстық ескерту жүйесін орнатуы тиіс. Бейнекамера міндетті.Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін де жағдай жасауы қажет. Жаңа ережелермен танысқан балабақша иелері талаптарды орындайтынын жеткізді.

Айнагүл Әбдіқаева, жекеменшік балабақша директоры:

Камераларды қою, дабыл тетіктерінің болуы олардың бәрі біздердің балабақшамызда бұрыннан да бар. Жаңағы бұйрықтың ішінде инклюзивті балаларды қабылдау деген бір пункт бар екен. Ол балаларға арнайы жабдықтау керек болады. Арнайы тағы маман алуымыз керек болады.

Жаңа ережеге сай, мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне қойылатын талаптар да күшеймек. Енді тиісті біліктілігі немесе білімі жоқтар балабақшада жұмыс істей алмайды. Бұл талап ата-аналардың көңілінен шығып жатыр.

Айтбибі Құлданова, Ақтау қаласының тұрғыны:

Камера қойған дұрыс. Тамақтану жағынан талаптар болса күшейтсе тіпті жақсы маған.

Жанар Әбдіқаева, Ақтау қаласының тұрғыны:

Жеке балабақшаға барады балам. Айына 30 мың теңге төлеймін. 2 балаға 60 мың теңге төлеймін. Көңілім толады. Бірақ, одан да тәртіпке сай болғанын қалаймын.

Соңғы уақытта балабақшаларда сәбилердің денсаулығына қауіп төнген жағдайлар жиі кездеседі. Санитарлық және қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы да тіркелуде. Министрлік осыған байланысты талаптарды күшейтті.

Манап Андыбаева, ҚР Оқу - ағарту министрлігі орта білім беру комитетінің бас сарапшысы:

Мемлекеттік тапсырысты алуға өтініш берген балабақша ең алдымен комиссия құрылып, қажетті құжаттары қарастырылып, тексеріліп, білім беру басқармалары тізбеге енгізеді. Оларға осы кемшіліктеорді жоюға мүмкіндік беріледі. Кемшілік жойылмаған жағдайда балабақшаларға мемл білім беру тапсырысы орналастырылмайды.

Тағы бір өзгеріс, мемлекеттік тапсырысты алу үшін құжаттар саны қысқартылды. Бұрын жекеменшік балабақшалар бірнеше құжат ұсыну қажет болса, енді тізім 4-еуге дейін азайды

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу