Соңғы 6 айда Түркияда шетелдіктерге сатылған баспаналар саны артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соңғы 6 айда Түркияда шетелдіктерге сатылған баспаналар саны артқан

28.09.2022

Соңғы 6 айда Түркияда шетелдіктерге сатылған баспаналар саны артқан. Ең көп пәтер алғандар тізімін ресейліктер бастап тұр. Сұраныс артқандықтан, баға да көтерілген.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Алдымен ресми сандарға тоқталайын. Түркия статистика қызметінің мәліметінше биылғы жылдың алғашқы тоқсанында бас-аяғы 320 мыңдай үй сатылған. Олардың 22 пайызға жуығын шетелдіктер алған. Жыл басынан бері ресейліктер 8100 үй сатып алды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 223 процентке артық. Мамандардың айтуынша, ресейліктер баспананы көбіне Ыстамбұлдан алыпты. Одан кейінгі орындарда Анталия мен Алания. Түркиядан ең көп жылжымайтын мүлік алған шетелдіктер қатарында Иран мен Ирак азаматтары да бар. Жылжымайтын мүлік сатумен айналысатын компания басшысы жағдайды былай түсіндірді.

Селчук Олгаз, Риэлторлық компания басшысы:

Мен 16 жылдан бері осы салада жүрмін. Бірақ дәл осындай сұраныс болғаны есімде жоқ. Әсіресе соңғы екі аптада ресейден келетіндер күрт көбейді. Арендалық үйлерді бағасына қарамай бірден алып жатыр. Пәтерін жалға беретін азаматтар алдын ала бір жылдық төлем талап етсе де келісіп жатыр. Бұрындары пәтер іздегендерге жалға берілетін бірнеше пәтер ұсынатынбыз. Қазір хабарландыру шықсымен сол күні келіп алып кетеді.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Ресейліктердің көптеп келуі үй бағасына қатты әсер етті. Соңғы алты айда баға 2-3 есеге қымбаттады. Тіпті іргетасы ғана құйылған, яғни салынып жатқан үйлердің өзі сатылып кеткен. Қазір Ыстамбұлда жаңа үйлердің шаршы метрі орташа бір млн теңгеге дейін көтерілді. Қымбатшылық жалға берілетін пәтерлерді де айналып өтпеді. Көпшілігі жалдамалы үйде тұратын жергілікті тұрғындар үшін бұл өте ауыр болып тұр.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу