Ұлыбританияда ұлттық валюта құнсызданып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда ұлттық валюта құнсызданып кетті

28.09.2022

Ұлыбританияда ұлттық валюта айтарлықтай әлсіреп, соңғы 40 жылда болмаған көрсеткішке түсті. Бұл жағдай бизнес өкілдерінің де, қарапайым халықтың да алаңдаушылығын туғызып отыр.

Марина Бекенова, тілші:

Бұған басты себеп ел билігінің салықты төмендету туралы мәлімдемесі. Жақында ғана сайланған жаңа үкімет байшыкештердің жалақысына салынатын табыс салығын 5 пайызға азайтқаны белгілі. Нәтижесінде мемлекет қазынасы жылына 2 млрд фунт стерлингтен қағылайын деп отыр. Ал оның орнын сырттан қарыз алып толтырмақ. Мұны естіген халықаралық инвесторлар алаңдаушылық білдірген соң фунт күрт әлсіреп кетті.

Джейн Фоули, қаржы сарапшысы:

Егер валюта одан сайын әлсірей түссе, инфляция күшейеді. Өйткені энергия сияқты тауарларды шетелден импорттаймыз. Нәтижесінде электр қуатының бағасы шарықтамақ. Жарықтан бөлек жанар-жағар май және азық-түлік өнімдерінің де құны аспандайды.

Марина Бекенова, тілші:

Англия Банкі тығырықтан шығу үшін проценттік мөлшерлемені шұғыл көтеруі мүмкін. Бұл банкте депозиті барлар үшін тиімді — пайдасы еселене түседі және халықты банкте ақша ұстауға ынталандырады. Нәтижесінде фунт нығая бастайды. Бірақ ипотекалық несие алғандарға қиын — проценттік мөлшерлеме артып, бұрынғыдан да көп ақша төлеуге мәжбүр болады.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу