Президенттің жекелеген тапсырмаларын іске асыру үшін 5 кодекс пен 17 заңға өзгеріс енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің жекелеген тапсырмаларын іске асыру үшін 5 кодекс пен 17 заңға өзгеріс енгізіледі

28.09.2022

Құжат бүгін Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат Мемлекет басшысының биыл 11-қаңтарда Парламент Мәжілісінде айтылған тапсырмаларын жүзеге асыруды көздейді. Заң жобасы елді өркендету мен Жаңа Қазақстанды қалыптастырудағы әлеуметтік-экономикалық маңызы бар бағыттарды қамтиды.

Ол инвестиция тарту тетіктерін жетілдіру мен бюджетаралық қатынастарды реформалаудан басталады. Ең басым бағыттардың бірі – сауда базарларының жұмысын реттеу. Осы арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу қарастырылған. Сонымен қатар, енді «Самұрық-Қазына» қорының қызметі ашық жүргізіледі. Қордың сатып алу процессі Бәсекелестікті қорғау агенттігімен келісіп барып, жүзеге асады.

 Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға енгізілетін түзетулер бір көзден мемлекеттік сатып алудың негіздерін қысқартуды көздейді. Мәселен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту және бәсекелестікті дамыту мақсатында мемлекеттік материалдық резервке тауарларды, жедел іздестіру қызметін жүзеге асыруға арналған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ тұрғын емес мақсаттағы ғимараттарды, құрылыстарды, үй-жайларды бір көзден сатып алу құқығы алынып тасталады».

Құжат мемлекеттік қызметке іріктеу кезіндегі артық кедергілерді алып тастауды да көздейді. Жанар-жағармай өндіру мен тарату жүйесін реформалау, энергетика саласын дамытуды заңнамалық тұрғыдан бекіту де ұсынылды. Бұдан өзге, отырыста Конституциялық сот, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Прокуратура туралы заң жобалары да қаралды. 

Дарын Сағитов 

Хабарламаларға жазылу