Түркі әлемінің мәдени астанасы Түркияның Бурса қаласында Елтеріс қаған кешенінен табылған жәдігерлер таныстырылды. Алдымен Моңғолияда табылған құнды ескерткіштердің суреттері қойылған көрме өтті. Одан соң түркі әлемінің ғалымдары қатысқан халықаралық конференция ұйымдастырылды.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Түркі тарихының қоржыны тағы бір құнды жәдігермен толықты. Моңғолияның Номғон жазығында табылған Елтеріс Қаған бітіктасы туркология ғылымында соңғы бір ғасырдағы ең үлкен жаңалық. Сондай-ақ өз тарихымызға қатысты бұл ескерткішті өзіміздің ғалымдар тауып отыр.
Орхон Енисей жазуларынан соң, яғни 130 жылдан бері түркі тарихына қатысты дәл осындай құнды бітіктас табылған емес. Халықаралық жиында мамандар түркілерге тиесілі жәдігерді тұңғыш рет өз ғалымдарымыздың тапқанын түркология саласындағы жетістікке балады.
Фузули Мәжидли, Халықаралық түркі академиясы президентінің міндетін атқарушы:
Біз Елтеріс қаған кешенінің қазба жұмыстарын негізі 2019 жылы бастағанбыз. Алайда пандемияның кесірінен екі жыл тоқтап қалдық. Биыл қайта жанданған осы археологиялық жұмыстардың нәтижесінде түркі тарихын екі ғасырға жуық тереңдеттік деуге болады. Түркі дүниесі үшін ғана емес бүкіл әлем үшін маңызды жаңалық табуда біздің де үлесіміз болғанын мақтан етеміз.
Алтангэрэл Энхтөр, Моңғолия ғылым академиясының профессоры:
Түркі академиясының сол кездегі басшысы Дархан Қыдырәліның бастамасымен біз отызға жуық адам екі ай бойы қазба жұмыстарын жүргіздік. Әрине оңай болған жоқ. Осы бітіктасты тапқанда оның бетіндегі ерекше жазуларды көріп мұның керемет құнды олжа екенін білдік. Топырақтан тазартқанда тасқа қашалған «Құтлық қаған түрік» деген жазуды оқыдық.
Бұл құнды бітіктастың тарихи, ғылыми пайдасын айтпағанда, жастардың көне тарихқа қызығушылығын бұрынғыдан да арттырары сөзсіз. Ғалымдар студенттерге осы бағытта дәрістер оқылғанын жөн санайды.
Ахмет Ташағыл, тарихшы профессор:
Қазақ, моңғол, түрік, тағы басқа елдің жас ғалымдары осыдан кейін археологияға, түркі тарихын зерттеуге ден қояды деп ойлаймын. Бұл тарихи оқиға жастардың білім-ғылымға, жалпы ізденуге құлшыныстарын оятса ғалымдардың еңбегінің ақталғаны. Біз бұл бітіктастағы жазуларды аударып, түркілерге тиесілі екенін тезірек ғылыми түрде дәлелдеуіміз қажет.
Алдағы уақытта Моңғолияның Номғон жазығын аспан астындағы ашық мұражайға айналдыру жоспарда бар. Сондай-ақ ғалымдар бұл бітіктас туралы мағұлматтар тарих оқулықтарына енуі қажет дейді.
Айдос Әшімұлы