«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі мәреге жақындап келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі мәреге жақындап келеді

27.09.2022

Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі мәреге жақындап келеді. Дүбірлі додаға 19 аймақ сәйгүлік қосқан. 1200 шақырымдық аламанда 9 команда ғана жарыс жолын жалғастырып жатыр. Шабандоздар Қызылорда облысы аумағынан өтіп, соңғы нүкте Түркістан қаласына бет алды.

Ұлы жорықтың тоғызыншы күні тұлпарлардың дүбірі Сыр өңіріне жетті. Нағыз жүзден жүйрік анықталатын аламан бәйгенің 800 шақырымы артта қалды. Әзірге, Ақтөбе, Маңғыстау және Жетісу облыстарының сәйгүліктері алда келеді. Қызылордалықтар да жүлдеден үмітті. Сырдың жүйріктері төртінші орында.

Ақжан Тасжан, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне қатысушы:

Азанғы сағат 7:14 кеткенде шықтық. 8 сағат 25 минутта 100 шақырым жүріп өттік. Аттардың жағдайы жақсы. 5 ат еді, қазір үшеуі қалды. Олардың бірінші кругта мазасы болмай, ілінбей қалды. Бірінші кезеңде қателіктер болды. Қазір жаймендеп келе жатырмыз. Аяғына қарай көреміз. Қалған үш атты Түркістанға жеткізу мақсатымыз.

Бастапқы 95 қатысушының бүгінде тең жартысы жарыс жолынан шығып қалған. Сондықтан, кезекті 100 шақырымдық межені бағындырған шабандоздарды сыр бойының халқы сән-салтанатымен күтіп алып, сый-құрмет көрсетті.Ұлттық жоба ұлан-ғайыр атырапты айлап-апталап атпен жүріп өткен бабалар жорығын қайта жаңғыртып отыр.Қазақтың қазанаттарын дәріптейтін жеңімпаздарды қомақты жүлде қоры күтіп тұр.

Бақытжан Тұрлыбеков, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің идея авторы:

2005 жылы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын оқығаннан кейін осы идея пайда болды. Бірақ оны жүзеге асыру мүмкіндіктері тек 2019 жылы пайда болды. Сәуір айында 3 жігіт болып қазіргі Торғай ауылынан сырлы Созаққа дейін 11 күнде жүріп өттік. Қазір 800 шақырымды артқа тастап 9 команда келіп тұрмыз. Осы марафон дәстүрлі түрде өтетін болса, қазақы аттардың бағасы 3-4 есе өсетін болады. Бұл қазақтың жылқы шаруашылығының дамуына септігін тигізеді деп ойлаймыз.

Бүгінде шабандоздар Сырдан өтіп, ер түріктің бесігі Түркістанға бет алды. 1200 шақырымдық аламанның жеңімпаздары мен жүлдегерлері 29 қыркүйек күні белгілі болады.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу