Президент Шымкент мұнай өңдеу зауытының жұмысымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Шымкент мұнай өңдеу зауытының жұмысымен танысты

27.09.2022

Шымкенттің бас жоспарын келер жылдың ортасына дейін қайта қарау қажет. Түркістаннан соң Шымкент жұртшылығымен жүздескен Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді. Онда мегаполисте болатын мәселелер түгел ескерілуі тиіс. Сонымен бірге өңірде келер жылы бірқатар әлеуметтік нысан пайдалануға берілмек. 

Тіршілігі қайнаған Шымкент – тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі мегаполис. Миллионнан аса тұрғыны бар шаһарда азаматтардың үштен бірі өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Осы уақытқа дейін қаланы дамытуға 170 млрд теңге бөлінді. Құйылған инвестиция да аз емес. Енді өңірді оңтүстіктегі ірі хабқа айналдыру қажет. Осылай деген Президент экономикалық-логистикалық аймақты кеңейтуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен «Көлік-логистика аймағын» кеңейту – маңызды міндеттердің бірі. Қазір қалада аумағы 90 мың шаршы метр болатын 6 қойма бар. Шымкент өте қолайлы жерде орналасқан. Мұны тиімді пайдалансақ, қаланы оңтүстік өңірдегі ірі хабқа айналдыруға болады. Әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, осы мәселені пысықтауды тапсырамын.

Шымкент ауыл шаруашылығы дамыған өңірлермен іргелес жатыр. Бірақ салада озық технология жеткіліксіз. Енді агроөнімді заманауи тәсілмен терең өңдеуге басымдық беріледі. Бастысы – азық-түлік азаматтарға қолжетімді болуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қаланың бас жоспары оның экономикалық әлеуетіне сай болуы шарт. Онда әлемдегі ірі мегаполистерде болатын мәселелер түгел ескерілуге тиіс. Орталық Азиядағы ең ірі нарықтың бірі –Ташкент агломерациясы іргемізде тұр. Сондықтан, Шымкент барлық салада бәсекеге қабілетті болуы керек. Осыны ескере отырып, қаланың бас жоспарын келесі жылдың ортасына дейін қайта қарауды тапсырамын.

Қазір қалада 49 мыңнан аса азамат үй кезегінде тұр. Биыл аумағы бір млн шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілсе, 9 мыңға жуық отбасы баспаналы болмақ. Президент бастысы үй бағасын шарықтатпай, азаматтарға қолжетімді етуді жүктеді. Қалаға іргелес жатқан 41 елдімекен қосылғалы инженерлік инфрақұрылым өзекті мәселеге айналған. Тіпті 8 ауылда газ мүлде жоқ. Көгілдір отынға қол жеткізу үшін қаржы бөлу мәселесін пысықтау да тапсырылды. Әлеуметтік нысандар құрылысы да назардан тыс қалған жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шымкентте Оқушылар сарайы және Балалар шығармашылық орталығы салынып жатыр. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Қаланың демографиялық Өсімін ескере отырып, Әкімдікке 2025 жылға дейін тағы бір Оқушылар сарайын салуды тапсырамын. Әкімдік алдағы жылы үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешуге тиіс. Қалада Опера және балет театры бар. Алайда, оның ғимараты талапқа сай емес. Сондықтан, Үкіметке Шымкентте жаңа Опера және балет театрын салуды тапсырамын.

Нағыз отаншылдық нақты істен байқалады. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр стадионда футбол матчы кезінде көк байрағымызды алып шыққан азаматтарға алғыс жариялады. Әбілқайыр Дәулетов, Бекмұрат Қараев пен Нұркен Намаз – ойын кезінде спорт кешенінің шатыры тудың тұғырын басып қалғанда жерге түсірмеген азаматтар.

Әбілқайыр Дәулетов, Шымкент қаласы №27 мектептің мұғалімі:

Бірінші мақсат жүгіріп құтқару керек болды. Бардық. Тексеріп шықты барлығын. Бірақ астында адам жоқ. Бір қарасақ еліміздің көк Туы жерде жатыр екен. Біздің қазақтың Туы ешқашан жерде жатпаған, төмен түспеген. Еліміздің көк Туы әрқашан көкте желбіреген. Сол мақсатта ешқандай қорқыныш болған жоқ, ешқандай ойда болған жоқ. Бірінші барып туымызды құтқардық осы жігіттермен бірге.

Сонымен бірге тағы бір топ азамат мемлекеттік наградамен марапатталды. Халықпен жүздесуден соң Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент мұнай өңдеу зауытының жұмысымен танысты.

Ақерке Бектас, тілші:

Зауыт биыл 3 млн тоннадан аса шикізат өңдеп, нарыққа қажет бензин, дизель мен авиациалық отын шығарды. Дәл осы жерде өңделген өнім елдегі сұраныстың 35 пайызын қамтып отыр. Жыл соңына дейін 6 млн тонна мұнай өңделеді. Нарықта жанармай тапшылығының алдын алу үшін зауытқа биыл жоспарланған жөндеу де келер жылға шегерілген.

Төрт жыл бұрын іске қосылған үшінші цех қосымша 1 млн тонна бензин шығаруға мүмкіндік берді.

Рахметмәлік Бекжаппарұлы, Мұнай өңдеу зауыты бензинді гидротазалау қондырғысының аға операторы:

Қарап отырғаныңыздай, жұмыстың көпшілігі компьютер арқылы басқарылады. Жеңілдетілген. Қалдықтан мұнай өнімдерін шығарамыз. Яғни қалдықсыз технология. Мазуттан соңғы мұнай өнімін алып, одан әрі тағы өндіру арқылы бензин, керосин, тағы да мұнай-газ өнімдерін аламыз.

Демек мұндағы мамандар 1 тонна мазуттан жаңа қондырғы арқылы 500 келі АИ 92 сұрыпты бензин, 180 келі дизель отыны мен 120 келі сұйытылған газ шығарады. Бір тонна шикізатты өңдеу құны 35 мың теңгеден асады. Президент алдағы уақытта зауыттың жанынан қосымша құны жоғары сапалы өнім шығаруды тапсырды.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу