Абай облысындағы кейбір елдімекендерде фельдшерлік пунктер жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысындағы кейбір елдімекендерде фельдшерлік пунктер жоқ

26.09.2022

2 жыл ішінде еліміз бойынша 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункт салынады. Президент биылғы жолдауда ұлттық жоба шеңберінде халыққа медициналық көмекті жетілдіру бойынша осындай тапсырма берді. Ауылдағы ағайынды медициналық қызметпен қамту жаңадан құрылған Абай облысында да өте өзекті. Өйткені өңірдегі кейбір елді мекендерде фельдшерлік пункттер мен амбулаториялар мүлдем жоқ.

Кривинка ауылында фельдшерлік пунк болғанмен, ғимараты әбден тозған. Қазір есігі тарс жабық тұр. Дәрігер маман жоқ. Салдарынан халық басы ауырып, балтыры сыздаса кімге жүгінерін білмейді. Қарапайым алғашқы медициналық көмектің өзі болмағандықтан жақында ауыл тұрғыны көз жұмған.

Айсұлу Мұсажанова, ауыл тұрғыны:

Үлкен адам ауырған ғой. Семьярдан врач келгенше әлгі кісі қырылдап, жүріп кетті. Өліп қалуға болады ғой осы ауылда. Көшуіміз керек па деп ойлаймын.

Ал Жетіжар ауылында фельдшерлік пункт жұмыс істеп тұр. Бірақ, маман жетіспейді. Сондықтан, ем іздеген ел еріксіз такси жалдап аудан орталығына немесе қалаға сабылуға мәжбүр.

Меруерт Зияданова, жалпы тәжірибелік медбике:

Бізде адам жетіспейді. Акушерка жоқ. Аудан да біледі бізде акушерка жоқ екенінін.

Бесқарағай ауданында бүгінде 10 ауылда медициналық және фельдшерлік пункт жоқ. Жергілікті әкімшілік мәселе алдағы жылдары шешіледі деп отыр. Айтуларынша ауылдарда жер телімдері бөлініп, медицина мекемелерін салу бойынша жоба дайындап жатқан көрінеді.

Алмас Тастенбеков, Бесқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы:

Фельдшерлік пункттер салынуға 2023 жылы міне, қазіргі таңда 10 жер актілері белгіленген. 23-ші жылға сол ауылдарда кішігірім медициналық пункт немесе фельдшерлік пункттер салу жоспарланып жатыр. Құрлысы жаңадан жүреді.

Жалпы Абай облысында Президент жолдауында айтылған «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жоба аясында алдағы 2 жылда 65 медицина мекемесін салу жоспарда. Олардың дені шалғай елді мекендер. Тағы бірқатары дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік пункт «Ауыл ел бесігі» жобасы шеңберінде бой көтермек.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу