СҚО-дағы емдеу мекемелері жас мамандармен толықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-дағы емдеу мекемелері жас мамандармен толықты

26.09.2022

Солтүстік Қазақстандағы емдеу мекемелері жас мамандармен толықты. Түстіктен барған 73 дәрігер енді теріскейде қызмет етеді. Маусым айында Ұлттық арна тілшілері өңірде 300-ге тарта дәрігердің жетіспейтін айтып, проблема көтерген болатын. Мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді.

Мәди Жасұлан Қазақ Ұлттық медцина университетінің түлегі. Дәрігер мамандығын меңгеру үшін 9 жыл бойы білім алған ол, дипломын алған соң, уақыт оздырмай Қызылжарға жол тартыпты. Бірден қаладағы 1-ші емханаға жұмысқа қабылданды.

Мәди Жасұлан, дәрігер:

Бүкіл жақта халық бірдей ауырады. Басқа қаланы көріп, сол жақта жұмыс істеп, сол жақта өзімнің еңбегімді тигізуге, жаңа тәжірибелерге Петропавл қаласына келіп отырмын. Халыққа барынша квалификациялық медициналық көмек көрсетіп, енді осы жерде боламын. Келісімшарт бойынша алдағы 5 жылда осы жерде болу керекпін.

1-ші емханаға 70 мың тұрғын тіркелген. Мекемеде штаттық кесте бойынша 130 дәрігер болуы шарт. Алайда 30-дан астам жұмыс орны бос тұрған еді. Тамыз айынан бері ұжымға 10 жас дәрігер келіп қосылды. Мәди өз учаскесіндегі 1700 адамға медициналық қызмет көрсетеді.

Хадиша Жақиянова, қала тұрғыны: 

Бізде дәрігер болмады. Біресе бір учаскеге, біресе екінші учаскеге жіберетін. Биыл міне бірінші рет келіп тұрмын. Біздің учаскеде дәрігер бар, оңды болып тұр, күшті.

Өңірге келген дәрігерлердің 56-сы облыс орталығында еңбек етсе, қалғандарының таңдауы ауылдық жерлерге түскен. Әр маманға 3,5 млн теңгеге дейін көтермеақы төленеді.

Гүлнәр Қалиева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

Ауылға кеткен мамандардың да баспана мәселесі шешілген. Жалға үй жалдап тұратындар үшін жалға берілетін пәтердің ақысы төленеді. Жас мамандар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша да қатыса алады. Мемлекеттік бағдарламалардың барлығына толықтай қатыса алады.

Өңірдің медицина саласында әлі де маман тапшы. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше 207 дәрігердің орны бос тұр.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу